«Көк паспортты қимайтындар көбейді»: Журналист Қазақстан азаматтығына қатысты пікір білдірді

6 Қараша 2026, 11:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 6 Қараша 2026, 11:50
6 Қараша 2026, 11:50
314
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Журналист-блогер Сырым Итқұлов Қазақстан азаматтығынан бас тартқысы келетіндер саны азайғанына назар аударды. Ол Instagram парақшасында 2019 және 2026 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып, қазақстандықтар өз паспортын бағалай бастағанын жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстандықтар көк паспортты барған сайын берік ұстап жүр. Қазақстан азаматтығынан бас тартатындар азайып келеді, - деп жазды Итқұлов.

Блогер жазбасында 2019 жылы азаматтықтан шығу туралы 1700 өтініш берілсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 43-ке дейін азайғанын келтірді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер саны алты есе артқанын мәлімдеді.

Итқұлов визасыз сапарлар мәселесіне де тоқталды.

Қазақстан паспортымен визасыз 80 елге баруға болады. Негізінде, Орталық Азиядағы ең мықты паспорт – біздікі, - деп жазды блогер.

Ол шетелге визасыз бару мүмкіндігінің кеңеюін Президенттің халықаралық деңгейдегі белсенді жұмысының нәтижесімен байланыстырды.

Ресми статистика

Азаматтықтан шығу туралы өтініштер санының азайғаны жөніндегі деректерді бұған дейін Ақорда жариялаған. Мәліметке сәйкес, 2019 жылы мұндай 1,7 мың өтініш тіркелген. 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114 өтініш түскен.

Кейін бұл көрсеткіш одан әрі төмендеген. Атап айтқанда, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, ал 2025 жылы 68 өтініш тіркелген.

Қазақстан азаматтығын кімдер алады?

Азаматтық алғандар туралы қосымша мәліметті Ішкі істер министрлігі жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Президент жарлығымен 279 адам Қазақстан азаматтығын алған. Ал жеңілдетілген тәртіппен 9243 адам азаматтыққа қабылданған. Осылайша, жаңа қазақстандықтардың жалпы саны 9522 адамға жеткен.

Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алғандардың арасында 7518 қандас бар. Бұдан бөлек, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы келісім бойынша 972 адам, ал «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенция негізінде 710 адам Қазақстан азаматтығын алған.

Тағы оқи отырыңыз: «Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды»: Higgsfield негізін қалаушы ел азаматтығын алды 

Наверх