- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бай-бағландар да жәрдемақы алған: Мемлекет әлеуметтік көмекті неге қайта қарайды
Бай-бағландар да жәрдемақы алған: Мемлекет әлеуметтік көмекті неге қайта қарайды
2027 жылдан бастап ауқатты отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы бойынша мұқтаждық өлшемі енгізіледі.
6 Қараша 2026, 15:01
2027 жылдан бастап Қазақстандағы ең ауқатты отбасылар мемлекеттік жәрдемақының кейбір түрлерін алмайды. Мемлекеттің мұндай шешімге не себепті барғанын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазан айында келтірген бір мысалдан-ақ аңғаруға болады. 2023 жылғы Bentley көлігі, 480 шаршы метрлік үйі және жеке кәсібі бар отбасы көпбалалы ретінде жәрдемақы алып келген.
Президент бұл мәселені Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ашық айтты. Мемлекет жылдар бойы кімнің шынымен мұқтаж екеніне қарамастан, көмек таратып, жомарт көрінуге тырысты.
Мемлекеттік ресурстар негізсіз шашылды: әбден ауқатты отбасылар да төлем алып келді. Ал бұл уақытта қолжетімді мектептер мен ауруханалар тапшылығы күрт арта түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай саясат қоғамда масылдық көңіл күйдің күшеюіне жол ашып, азаматтардың мемлекетке шектен тыс иек артуына ықпал еткен. Сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру саласында заңсыздықтар мен жемқорлық схемаларына жол берген.
«Мұқтаж» отбасының келбеті
Министр келтірген мысал Президент көтерген мәселенің мәнін айқын көрсетеді. Отбасы алты адамнан тұрады: күйеуі 44 жаста, әйелі 42 жаста, төрт баласы бар. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс – 458 мың теңге.
Отбасының 480 шаршы метрлік жеке үйі және 300 шаршы метрлік пәтері бар. Яғни, әр адамға шаққанда 130 шаршы метрден келеді. Ауласында 2023 жылғы Bentley көлігі тұр. Бұған қоса, 150 шаршы метрлік дүкені бар, ал отағасы шағын кәсіпорын иесі. Соған қарамастан, отбасы көпбалалы ретінде жәрдемақы алып келген.
Мұндай отбасылар табысы ең жоғары А санатына жатады. Қазақстанда олардың саны 329 мыңға жетеді. Бұл – барлық отбасының 5 пайызы.
Мемлекет кімді ауқатты деп есептейді?
А санатына жатқызудың негізгі белгілері – отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыстың 350 мың теңгеден асуы және бір адамға шаққанда тұрғын үй алаңының 120 шаршы метрден көп болуы.
Бұл санатқа ірі кәсіпорынның, екі немесе одан да көп орта кәсіпорынның, сондай-ақ үш және одан да көп шағын кәсіпорынның иелері де кіреді. Rolls-Royce, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maybach және Porsche секілді люкс санатындағы көліктердің бар-жоғы да ескеріледі.
Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін негізгі өлшем – 300 гектардан астам ауыл шаруашылығы жерінің немесе 500 бастан көп ірі қара малдың болуы.
Ал В санатына шамамен 1 миллион үй шаруашылығы немесе барлық отбасының 16 пайызы кіреді. Олардың қатарында топ-менеджерлер, жоғары білікті мамандар, орта буын басшылары, оның ішінде бірінші басшылардың орынбасарлары, бөлімдер мен басқармалар жетекшілері бар.
Бұл санаттағы азаматтардың әрқайсысына шаққандағы табысы 305 мыңнан 356 мың теңгеге дейін, ал тұрғын үй алаңы бір адамға шаққанда 60-тан 120 шаршы метрге дейін болуы керек. Сонымен қатар бір орта кәсіпорынның немесе екі шағын кәсіпорынның болуы, Toyota Land Cruiser, Lexus, Mercedes-Benz және BMW секілді премиум санаттағы көліктерге иелік ету де есепке алынады. Жүк көліктері мен ауыл шаруашылығы техникасының болуы да назарға алынады. Аграрлық сала өкілдері үшін жер көлемі 50-ден 300 гектарға дейін болуы тиіс.
Министр бұл санаттағы отбасының да мысалын келтірді. Бір үйде екі отбасы, барлығы сегіз адам тұрады. Әрқайсысына шаққандағы табыс 350 мың теңгеден асады. Олардың 300 және 220 шаршы метрлік екі үйі, жүк көлігі, шартты түрде есептегенде 180 бас малы және 120 гектар ауыл шаруашылығы жері бар.
Министрдің мәліметінше, бүгінде А санатындағы 77 мың адам және В санатындағы 475 мың адам жәрдемақы алып отыр. 2027 жылдан бастап осы отбасыларға 36 түрлі жәрдемақының 14 түрі бойынша мұқтаждық өлшемі енгізіледі. Қалған төлемдер бұрынғы тәртіппен сақталады.
Жазалау емес, әділдік орнату
Мемлекет басшысы кім көрінгенге көмек үлестіруді популизм әрі мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі деп атады.
Негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көп болуы мемлекеттік аппараттың институционалдық тұрғыдан жетілмегенін, тіпті әлсіздігін, ұлттың жарқын болашағын қамтамасыз ету ісінде көрегендіктің жоқтығын көрсететінін анық түсінуіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысының жоспары бойынша, үнемделген қаражат мектептер, ауруханалар мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы тиіс.
Жалпы, мемлекет масылдыққа жол беріп, адамдарды әлеуметтік жәрдемақыға тәуелді етудің орнына әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға, азаматтардың өмірлік мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беруі керек, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент бұл мәселеде шектен шығып кетуге болмайтынын ескертті. Жаңа тетіктер әуелі сынақтан өткізіліп, кезең-кезеңімен енгізіледі. Ал шынымен мұқтаж отбасылар мемлекеттік қолдаудан қағылмайды.
Ең оқылған:
- Соғымға ет аларда нені білу керек? Маман маңызды кеңес берді
- Пәтер мен көлік сатқанда түскен табыстан қанша салық төлеу керек?
- Еден жуушының шелегін тепкен директордың әйелі ме? – Ақтаудағы лицейде тексеру басталды
- Әскерге шақыруды кейінге қалдыру: Қазақстанда не өзгереді?
- QAZCONTENT басшысы БАҚ-ты жалған ақпаратпен күреске жұмылдыруды ұсынды
Мақпал ОРЫНБЕК