Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиум өтті. Оған Вице-Президент Ерлан Қарин қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әл-Фараби мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Биыл ғылыми форум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылды.
Симпозиумның ашылуында Ерлан Қарин Президенттің құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың және оларды заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңызын атап өтті.
Әл-Фараби адамзатқа ортақ мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеп, соңына теңдессіз мұра қалдырды. Оның парасатты адам және қайырымды қоғам туралы тұжырымдары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мұның бәрі ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан», «Адал азамат» идеяларымен үндеседі, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қарин әл-Фарабидің идеялары жаһандану және технологиялық прогресс дәуірінде ерекше өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай сынды көрнекті ойшылдардың мұрасы қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуда айрықша рөл атқарады.
Сонымен қатар Вице-Президент әл-Фараби мұрасына арналған симпозиумның алдағы уақытта тұрақты ғылыми жиынға айналатынын жеткізді.
Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алуда. Бұл – ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі, – дейді Ерлан Қарин.
Форум барысында қатысушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің жаһандық гуманитарлық диалогты орнықтырудағы және жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудегі рөлін талқылады.
Халықаралық симпозиумға Қазақстан мен шетелден 150-ден астам ғалым, зерттеуші, сарапшы және жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.