Бұл соңғы 9 айда анықталған жағымсыз жайт. Былтыр да жүзге жуық азамат өзіне қол жұмсаған еді. Ал кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 7 оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу облысының әкімдігі осы суицидке қарсы менторлық жоба әзірлеген еді. Алайда нәтиже толық бермеді. Себебі жасөспірімдер арасындағы суицид әлі де аудан-аудандарда тіркеліп жатыр. Қоғамдық ортада өзін толық аша алмаған, депрессиялық күйге түсетін жастардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Облыста өз-өзіне қол салған 7 факті анықталған, тіпті 6-ы суицид жасауға әрекеттенген сәтте ұсталған.
Соңғы 9 айда Жетісу облысында 101 суицид жасалды. Былтыр дәл сол уақыт шеңберінде 95 факт анықталған еді. Өкінішке қарай биыл жағымсыз жайт үдеген. Оның ішінде ерлер – 87 болса, қалғаны қыз балалар. Былтыр да ерлердің саны көп тіркелді. Бізді қынжылтатыны солардың ішінде жасөспірімдер бар. Одан бөлек кәмелетке толмаған жастар жүкті болып қалып жатыр. Мектеп қабырғасында оқып жүріп сондай жайттарға тап болған. Оған суицидолог, психиатр және психолог суицидтің алдын алу бойынша көмек көрсетеді. Суицидтік ойлар мен әрекетке барған жасөспірімдермен жұмыс істейді. Олар өз саласының білікті мамандары, - дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Меруерт Маратқызы.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдарда балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсететін психологтар жұмыс істейді. Мұндағы психологтар жасөспірімдерге психикалық және репродуктивті денсаулықты сақтау мақсатында қызмет көрсетеді.
Бүгінде облыс шеңберінде психолог 6522 кеңес өткізген. Көбіне суицидке тұрмыстық тапшылықтар, қоғамда жастардың өз орнын таба алмауы, ата-анамен қарым-қатынастың нашарлауы себеп болған.