Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Жетісай ауданының әкімі болып Мамытов Серік Үсенұлы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа әкімді ауданның активіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Өңір басшысы ауданды соңғы екі жылға жуық басқарған Мұрат Қадырбекті Түркістан облысынан Сенат депутаты болып сайлануымен құттықтап, шығарып салды.
Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне өңірдің жоғары әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ халықтың тұрмысын жақсарту, кері байланысты нығайту, мәселелерді шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін атап өтті.
Атқаруды қажет ететін бірқатар міндеттер бар. Атап айтқанда, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешу. Инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстарды күшейту. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша бірқатар жоспарлар бар. Басты міндет – Жетісай ауданын жайлы да көрікті мекенге айналдыру. Ауданға түсетін табыс көзін арттыру керек. Ең үлкен көрсеткіш – адами капитал, ауданның халқы өте еңбекқор. Барлық көрсеткіштер бойынша ауданды алдыңғы қатарға шығаруға мүмкіндік мол, – деді Дархан Сатыбалды.
Мамытов Серік Үсенұлы, Шымкент қаласының тумасы. Білімі жоғары.
2013 жылы Лимкоквинг креативты технологиялар университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» Акционерлік қоғамының Кәсіпкерлікті дамыту орталығы бөлімінің маманынан бастаған.
2015 – 2018 жылдары аралығында «КазФинСтаф» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің консультанты, «Астана ЭКСПО-2017» «ҰК» Акционерлік қоғамының жиынтық-талдау департаментінің менеджері, Ұйымдастыру-бақылау департаментінің менеджері, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» Акционерлік қоғамының фронт-офисінің талдаушысы қызметтерін атқарды.
2018-2019 жылдары аралығында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы департаментінің бас менеджері болған.
2019-2020 жылдары «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Акционерлік қоғамының Өнеркәсіптік жобалар тобы департаментінің директоры, Басқарушы директоры лауазымдарында болды.
2020-2021 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің «Qolday» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары болған.
2021 жылдың қыркүйек- желтоқсан айлары аралығында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аймақтық директоры – қаржы институттарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі қызметін атқарған.
2022 жылғы қаңтар - мамыр айлары аралығында ҚР Сауда және интеграция министрінің көмекшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің бас консультанты болды.
2022 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппараты Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарды.