Жергілікті бюджеттің шығысы 1,3 трлн теңгеге жетті - Жамаубаев

14 Наурыз 2023, 10:37
1062
Бөлісу:
Жергілікті бюджеттің шығысы 1,3 трлн теңгеге жетті - Жамаубаев
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жергілікті бюджеттердің шығысы 1,3 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 45 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,2 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 56 млрд теңге бөлінген. Оның 80,1%-ы игерілген. 11 млрд теңге игерілмеді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол қаржыны игере алмаған өңірлерге тоқталды. 

Ең көп игерілмеу мына өңірлерде: Астана және Алматы қалаларында, Павлодар және Абай облыстарында қалыптасты. Қаржының игерілмеуінің негізгі себептері: қадағалау органдарының нұсқамалары, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау. Биыл 2 айда 3,4 трлн теңгеден астам сомаға 136 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 13 943 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 85%-ын орындады. 332 аудиторлық іс-шара өткізілді, - деді Үкімет басшысының орынбсары. 

Айтуынша, аудитпен шамамен 169 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды.

4,5 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 1,2 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 332 ұсыным берілді. Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 669 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 307 млрд теңгеге 367 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік асқаруға берілді. 35 нысан сатылуға қойылды. 62 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 205 объекті сату алдындағы дайындықта. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай, - деді министр. 

Өзгелердің жаңалығы