Жер сілкінген кезде адам еркінен тыс әрекеттерге барады – психолог

5 Наурыз 2024, 17:32
561
Бөлісу:
Жер сілкінген кезде адам еркінен тыс әрекеттерге барады – психолог
Фото: BAQ.KZ

Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі кезінде тұрғындардың арасында үрейге бой беріп, дүрбелеңге салынғандар болды. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісіне Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың психологы Жұлдызай Әлиева ТЖД кезінде қалай әрекет ету керектігін айтып берді. 

Жер сілкінген сәтте алдымен сабыр сақтау қажет. Себебі үрей бойды билеген кезде, адам өз еркінен тыс әрекеттерге барып, көпқабатты үйден секіріп кетуі мүмкін. Дүрбелең бір адамнан екінші адамға көшеді. Ол вирус секілді жұмыс жасайды. Сондықтан адамның эмоционалды күйі қасындағы адамдарға әсер етеді. Үрей кезінде адамның әлеуметтік міндеттері артқа шегеріліп, өзімді қалай аман қалуым керек деген ой бірінші орынға шығып кетеді. Адам өзін қалай да аман алып қалуға тырысады. Адамның денесі - басты индикатор. Өзінің іс-әрекетіне мән беру керек, – дейді маман. 

Психологтың айтуынша, бетті суық сумен жуып, құлағыңызды уқалау экстра-психикалық көмек түріне жатады. 

Апат қас-қағым сәтте болғандықтан, үйдің ішінде қай жер қауіпсіз деп есептейсіз, сол жерге өзіңіз бен отбасы мүшелерін паналату керек. Сондай-ақ терең тыныс алып, өзіңізді еркін сезінуіңіз қажет. Егер бес секунд терең тыныс алсаңыз, 10 секунд шығару керек. Бұны бес рет жасасаңыз, сізге көмектеседі. Одан кейін тез-тез бетіңізді суық сумен жуып, құлағыңызды уқалау керек. Құлағымызды уқалау – миымызды, көңіл-күйімізді алдау үшін жасалады. Бұл сізге қорқыныштарыңызды жеңуге көмектеспейді, дегенмен алғашқы экстра-психикалық көмек түріне жатады,– дейді Жұлдызай Әлиева.

Маман үйдегі балаға жер сілкінісі туралы ақпаратты түсіндіріп, мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін атап өтті. 

Жер сілкінісінен кейін баланың қорқуы - қалыпты жағдай. Сондықтан баланың қасында жиі болуға тырысыңыз. Баланы ұйықтарда құшақтаңыз. Ол жағдай жайлы толық мағлұмат беріңіз. Жер сілкінісі деген табиғаттың бір тылсым құбылысы екенін және бұл жағдайда адамдардың не істеу керектігін айтып беріңіз. Содан соң бұл тақырып жайлы айта бермей, өзіңіз қалыпты жағдайға оралуға тырысыңыз. Бала сіздерді қорғаушысы, құтқарушысы ретінде қабылдайды, сондықтан сіздердің өз-өздеріңізді ұстай алуларыңыз өте маңызды, - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың психологы Жұлдызай Әлиева.

Өзгелердің жаңалығы