Жер мәселесі: Мемлекет басшысы негізгі мәселелер бойынша нүктесін қойды - Тоғжанов

3 Сәуір 2021, 10:55
2780
Бөлісу:
Жер мәселесі: Мемлекет басшысы негізгі мәселелер бойынша нүктесін қойды - Тоғжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында комиссия төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов комиссияның жұмыс бағыттары туралы айтып өтті. 

Премьер-министрінің орынбасары назар аудартатын мәселелерді атап өтті. 

25 ақпан күні өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға,  халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешімі арнайы заң жобасы ретінде Парламент қарауына 12 наурызда енгізілді, - деп атап өтті ол.
Тоғжановтың сөзінше, заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуір күні өтеді.
Мұны айтып отырған себебім, өздеріңізге белгілі көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желілерді әлі де жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес екенін айтуымыз керек. Сондықтан тағы бір нақтылап айтамын жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтты,  нүктесін қойды, - деп түсіндірді Ералы Тоғжанов.
Қазіргі таңда комиссия алдында ауылшаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр.
Бірінші отырыс барысында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда барлығы 55 ұсыныс түсті, оның ішінде 15-і құқықтық, 29-ы экономикалық сипаттағы ұсыныстар және 11-і ұйымдастырушылық сұрақтарға қатысты. Барлық ұсыныс жұмыс топтарында комиссия мүшелерінің, жауапты мемлекеттік органдардың, сала мамандарының қатысуымен жан-жақты қаралды, - деп атап өтті Тоғжанов отырыста.
Ол атап өткендей, бірқатар сұрақ бойынша нақты шешімдердің жобасы әзірленді.

Еске сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін 25 наурызда алғашқы отырыс өтті.

Өзгелердің жаңалығы