Жер комиссиясы. Жерді 49 жылға жалға беру мәселесі талқылануда

17 Сәуір 2021, 12:01
9116
Бөлісу:
Жер комиссиясы. Жерді 49 жылға жалға беру мәселесі талқылануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін мұраға беру мен 49 жылға дейін жалдау мерізмі жайлы мәселе талқылануда. 

Экономикалық жұмыс тобының басшысы Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша,  жұмыс тобының үшінші отырысына 33 адамның 26-сы қатысып, күн тәртібінде бес мәселе қаралды. 

Бірінші мәселе – ауыл шаруашылығы жерлерін мұраға беру мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы, оны   49 жылға дейін жалға беру мерзімін қалдыру. Топ мүшелері талқылау барысында  ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беруді қалдыруды қолдады. Жерді осынша мерзіміге жалға беру елімізде  1995 жылы Жер туралы заңға сәйкес қабылданған болатын. Одан бері де 26 жыл өтті. Заңның осы шарты ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың жүйесін қалыптастырып үлгерді, - деп атап өтті ол.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, жұмыс тобына қатысқан ауыл шаруашылығы мамандары, агроөнеркәсіптік шаруашылықтардың басшылары да жалға беру мерзімін қалдыруға оң көзқарас танытқан. Жалпы халықаралық тәжрибеде де осындай мерзім қолданылады. Мысалы көршілес Ресей, Өзбекстан, Украина сияқты елдерде ауыл шаруашылығы жерлерін жалға 49-50 жылға беріледі.

Сонымен қатар жұмыс тобы жалға алған жерді мұрагерлікке қалдыру ұсынысын қараған.

 Бұл мәселе қолданыстағы Жер кодексінің 40-бабы бойынша реттеледі. Конституцияға сәйкес, мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі және ол шектелмеуі тиіс. Нақтылап айтсақ, мұрагерлік мүмкіндігі жерді жалға берген мерзім шегінде ғана іске асады. Бұл ұсынысты қолдағандар – 25 адам, қарсы болған – 1 адам, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы