Жеңіс Қасымбек Қарағанды тұрғындарымен кездесті

10 Мамыр 2022, 13:29
1522
Бөлісу:
Жеңіс Қасымбек Қарағанды тұрғындарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Қарағанды қаласының тұрғындарымен кездесу өткіздім. Қаланың дамуы, өмір сүруге жайлы орта құру мәселелерін жан-жақты талқыладық. Сұрақтар мен ұсыныстар көп айтылды. ТКШ жұмысына, қала шетіндегі көше инфрақұрылымының жай-күйіне, саябақтар мен гүлбақтарын абаттандыруға қатысты айтылған  шағымдар аз емес, -деді ол Facebook-тегі жазбасында.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек жер асты өткелдерінің жағдайына қатысты ескертулер айтқанын жеткізді.

Кеншілер мәдениет сарайы мен ЦУМ маңындағы екі өткел жөнделетін болады. Аулаларға келетін болсақ, оларды ретке келтіруді жалғастырамыз. Осы жылы 26 аула кешенді түрде абаттандырылып, 11 футбол алаңын, 62 балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр. Майқұдық және Сортировка аудандарына тоқталсам. Майқұдықта саябақты абаттандырамыз. Бүгінде мердігер жұмысқа кірісті. Сондай-ақ Сортировка ауданында Теміржолшылардың мәдениет сарайы жөнделеді, -деді өңір әкімі.

Оның атап өтуінше, қала көшелерінің 32 учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Автопарктер автобустарды жаңартуды жалғастыруда. Жыл соңына дейін 100 жаңа автобус желіге шығады.

ТКШ бойынша, Оңтүстік-Шығыс ауданында  жылу жүйесінің тапшылығын жою үшін жаңа жылу магистралін салып жатырмыз. Әрине, біздің қаламызда әлі де көптеген мәселелер бар, бұл ретте мен үшін Қарағандыны өмір сүруге жайлы ету маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл мақсатқа бірлесіп, қол жеткіземіз деп ойлаймын, -деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Өзгелердің жаңалығы