- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жеңіс күніне қанша төленеді: Қай өңір ардагерге ең көп қаржы береді?
Жеңіс күніне қанша төленеді: Қай өңір ардагерге ең көп қаржы береді?
Бір жерде 1,5 млн теңгеден басталса, кей өңірлерде 5,5 млн теңгеге дейін жетеді.
Бүгiн 2026, 10:31
2026 жылы 9 мамыр – Жеңіс күніне орай өңірлер Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлем қарастырған. BAQ.KZ тілшісі өңірлерден келген ресми жауаптарды салыстырып көрді.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде кейбір өңірлерде ҰОС ардагерлері мүлде қалмаған. Ал көзі тірі ардагері бар аймақтарда төлем көлемі әртүрлі: бір жерде 1,5 млн теңгеден басталса, кей өңірлерде 5,5 млн теңгеге дейін жетеді.
Ең жоғары төлем – Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында
Ұлы Отан соғысының ардагеріне ең көп біржолғы төлем Ақтөбе облысында қарастырылған. Өңірде бір ғана ҰОС ардагері тұрады. Оған Жеңіс күніне орай 1272 АЕК, яғни 5 501 400 теңге төленеді.
Дәл осындай көлемдегі төлем Қызылорда облысында да қарастырылған. Облыста ҰОС ардагері – Тасыров Яхия Тасырұлы. Оған жергілікті мәслихат шешімі негізінде 5 501 400 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі.
5 миллион теңге төлейтін өңірлер
Бірқатар өңір ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде төлем қарастырған.
Мұндай өңірлер қатарында:
- Астана қаласы – 1 ардагер, төлем көлемі – 5 млн теңге;
- Алматы қаласы – 15 ардагер, әрқайсысына – 5 млн теңге;
- Қарағанды облысы – 6 ардагер, әрқайсысына – 5 млн теңге;
- Маңғыстау облысы – 1 ардагер, төлем көлемі – 5 млн теңге;
- Павлодар облысы – 4 ардагер, төлем көлемі – 5 млн теңге.
- Түркістан облысында да үш ҰОС ардагері бар. Алайда төлем мөлшері ауданға қарай әртүрлі көрсетілген: Жетісай және Сарыағаш аудандарындағы ардагерлерге 5 млн теңгеден, ал Сайрам ауданындағы ардагерге 1 млн 650 мың теңге қарастырылған.
Кей өңірлерде төлем 1,5–1,9 млн теңге аралығында
Алматы облысында 4 ҰОС ардагері тұрады. Оларға Жеңіс күніне орай әрқайсысына 450 АЕК, яғни 1 946 250 теңге төлеу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысында 6 ардагер бар. Оларға 1,5 млн теңгеден төлем қарастырылған.
Жамбыл облысында 3 ҰОС ардагері тұрады. Өңірдің ресми жауабында оларға 1,5 млн теңгеден кем емес біржолғы төлем берілетіні көрсетілген.
ҰОС ардагері қалмаған өңірлер де бар
Ресми жауаптарға сәйкес, Атырау облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Ұлытау облысында және Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының көзі тірі ардагері жоқ.
Алайда бұл өңірлерде тыл еңбеккерлері, концлагерь тұтқындары, қоршаудағы Ленинград тұрғындары, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері және ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға әлеуметтік көмек қарастырылған.
Мысалы, Ұлытау облысында тыл еңбеккерлеріне және концлагерь тұтқындарына 200 мың теңгеден, ҰОС қатысушыларының жұбайларына 100 мың теңгеден төленеді.
Шымкентте тыл еңбеккерлеріне, ҰОС кезінде мүгедектік алған жауынгерлердің жесірлеріне және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 15 АЕК, яғни 64 875 теңгеден төлем қарастырылған.
Тыл еңбеккерлеріне төлем көлемі де әртүрлі
Өңірлерде тыл еңбеккерлеріне төленетін қаражат көлемі біркелкі емес.
Мәселен:
- Қарағанды облысы – тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңге;
- Павлодар облысы – 100 мың теңге;
- Ұлытау облысы – 200 мың теңге;
- Маңғыстау облысы – еңбек ардагерлеріне 173 мың теңге;
- Шымкент қаласы – 64 875 теңге;
- Алматы облысы – 64 875 теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы – санатына қарай 21 625 теңге және 34 600 теңге;
- Атырау облысы – тыл ардагерлеріне 50 мың теңге, ал жекелеген санаттарға 100 мың теңге.
Ай сайынғы төлемдер бар ма?
Барлық өңірде жергілікті бюджеттен ай сайынғы төлем қарастырылмаған. Кейбір аймақтарда ҰОС ардагерлеріне коммуналдық төлемдерге, санаторлық-курорттық емделуге немесе қоғамдық көлікке жеңілдіктер беріледі.
Мысалы, Астанада ардагерге коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайын 8 АЕК көлемінде көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаторлық-курорттық емдеу және қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру қарастырылған.
Қарағанды және Қызылорда облыстары ҰОС ардагеріне мемлекет тарапынан төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы көлемін 69 200 теңге деп көрсеткен.
Қай өңір ең көп төлейді?
Берілген ресми жауаптар бойынша Ұлы Отан соғысының ардагеріне ең жоғары біржолғы төлем:
- Ақтөбе облысы – 5 501 400 теңге
- Қызылорда облысы – 5 501 400 теңге
- Астана, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары – 5 млн теңге
- Алматы облысы – 1 946 250 теңге
- Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары – 1,5 млн теңге көлемінде
Осылайша, 2026 жылы Жеңіс күніне орай ардагерлерге берілетін төлем мөлшері өңірдің жергілікті бюджет мүмкіндігіне және мәслихат шешімдеріне байланысты әртүрлі белгіленген. Бір өңірде ардагерге 5,5 млн теңге берілсе, кей жерде ҰОС ардагері мүлде қалмағандықтан, қолдау тыл еңбеккерлері мен соғыс жылдарындағы өзге де санаттағы азаматтарға бағытталып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында ардагерлерге 296 млн теңге төлемақы берілетіні хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Жеңіс күні қарсаңындағы статистика: Қазақстанда қанша ардагер бар?
Маңғыстау облысында жалғыз қалған соғыс ардагеріне қандай құрмет көрсетіледі?
5,5 миллион теңге сыйақы: Қызылорда облысында бір ғана ардагер қалды
Ең оқылған:
- Жүк көлігінде жасырынған «тірі тауар»: Заңсыз көші-қон арнасының жолы кесілді
- Жантүршігерлік жол апаты: Астанада эвакуатор аялдаманың күл-талқанын шығарды
- Тоқаев «Алтын виза» алғандарға берілетін басты жеңілдіктерді атады
- Қауіп күшейді: АҚШ өз азаматтарына Әзербайжанға бармауға кеңес берді
- Әлеуметтік көмек: Үкімет біржолғы төлемдердің ең төменгі шегін белгіледі
Аида БАТУХАН