Жемқорларға жүйеде орын жоқ – Ахметжанов

20 Мамыр 2022, 12:28
1525
Бөлісу:
Жемқорларға жүйеде орын жоқ – Ахметжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі: перспективалары және Даму стратегиясы» халықаралық құқықтық форум барысында айтты.

Маған дейінгілерге қарағанда менің жолым болды. Себебі пандемия осындай форматтағы талқылауларға мүмкіндік бермеді. Жұмыс жүріп жатыр. Сондай-ақ резонансты жағдайлардан кейін жұмыс басқаша жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алайда оны осылай кең форматта түсіндіру пандемиядан кейін алғаш өтіп отыр, – деді Ахметжанов.

Министр жемқорлық мәселесі туралы да сөз қозғады.

Қылмыстардың басым бөлігі пара алуда емес, беруге негізделіп отыр. Қазір пара беру арқылы мәселені шеше салу проблемасы бар. Жемқорлық проблемасын шешу үшін бізге ішкі ашықтық керек. Біз ештеңені жасырмауымыз керек. Сыбайлас жемқорлықты сөзбен емес, іспен анықтауымыз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өз қызметкерлерімізді ұстаған болатынбыз. Шымкентте пост қызметі әр қызметкерден ақша жинаған екен. Осындай жағдай болмас үшін біз дұрыс ортаны қалыптастыруымыз керек, – деді Ахметжанов.

Министр атағандай, материалдық-техникалық базаны күшейту аса маңызды.

Біз сыбайлас жемқорлық жағдайын алдын алу бойынша жұмыс істеуіміз керек. Егер де біз сапалы сервис көрсетіп, алайда сыбайлас жемқорлық деректері тыйылмаса, ондай полицияға ешкім сенбейді. Сондықтан бұл – бір-бірін толықтыратын екі бағыт. Біз қоғамның сұранысына жауап беруіміз керек. Жемқорларға жүйеде орын жоқ, – деді Марат Ахметжанов

Өзгелердің жаңалығы