Жемқорлық. Қанша лауазымды тұлға қызметінен кетті?

Жемқорлық. Қанша лауазымды тұлға қызметінен кетті?
1235

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты.

Заң шекарасынан өткен адамға жазаны сот белгілейді. Алайда, сол органда немесе мекемеде қайталанған құқық бұзушылық тәуекелдері қалады. Осы жылдың бірінші жартысында әр түрлі мемлекеттік органдар мен мекемелерге шамамен 1000-ға жуық ұсыныс жіберілді. Бестен бір бөлігі ішкі істер органдарына жіберілген. Одан кейінгі кезекте – әр түрлі деңгейдегі әкімдіктер. Қаралған ұсыныстардың нәтижесі бойынша 477 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың төрттен бірі жұмыстан босатылды, - деді ол. 
Ол атап өткендей, атқарып отырған лауазымына толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескертілгендер (59) және лауазымынан төмендетілгендер бар (8).
Жартысынан көбі сөгіс пен ескерту алды (қатаң сөгіс – 117, сөгіс – 127, ескерту - 34). Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да (6) бар. Жазаланғандардың арасында 206-сы – басшы тұлғалар. Оның ішінде әрбір бесінші қызметінен айырылды (жұмыстан шығарылды – 6, қызметінен босатылды – 38). Сонымен қатар, агенттік өткен жылдың соңында қабылданған басшылардың отставкаға кетуі және бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі туралы заңнамалық норманың орындалуына мониторинг жүргізуді жалғастыруда, - деді ол. 
Ғанижан Асанұлы айтқандай, бүгінде бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 саяси мемлекеттік қызметші отставкаға кету туралы өтініш берді.
Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі ауылдық округ әкіміне қатысты үкім шыққаннан кейін, прокуратура наразылығын қарау бойынша сот шешімін күтпестен, отставкаға беріп (Әлімқұлов, ҚР ҚК 361-бабы 1-бөлігі, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыру арқылы 505 мың теңге сомасында айыппұл), өз еркімен қызметінен босатылды. БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі отставкаға кетті, оның бағынышты – аудандық білім бөлімінің басшысы 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады (Сапаров, ҚР ҚПК 367-бабының 2-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігі, 2-бөлігі, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойы және 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды), - деді ол


Оның айтуынша, бүгінде сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы кезеңінде бірқатар мемлекеттік қызметкерге қатысты қылмыстық істер бар. 

Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған жағдайда отставкаға саяси мемлекеттік лауазымды атқаратын 16 басшы беруі тиіс.
Олар республикалық деңгейдегі 3 басшы, 3 – облыстық, 3 – қалалық және 7 – аудандық деңгейде. Бұдан басқа, 45 әкімшілік мемлекеттік қызметші бағынышты адамдарды соттаған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Жақында Қостанай облысы Рудный қаласы аппаратының басшысы Қашар кентінің әкіміне қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың тергелуіне байланысты өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазды, - деді ол.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы