Желкенді кеме шебері

19 Тамыз 2020, 22:34
4888
Бөлісу:
Желкенді кеме шебері

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кемелерді құрастыруда оның әрбөлігінің шынайы су көлігінің түпнұсқасына ұқсауына Бақытжан шебер ерекше мән береді.

Алғашында шағын қайықтар мен аса кішігірім кемелерді құрастырған азамат қазір нағыз хас шеберге айналған, деп жазады Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.

Бақытжан Есенбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Қызылорда қаласындағы ЗК169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оның қолынан шыққан көздің жауын алатын түрлі кемелер талайды тамсандырмай қоймайды. Бүгінгі күні шебердің қоржынында кеме, ұшақ және басқа да бұйымдар бар.

Мен бұл мекемеге түскен жылы алдымен кірпіш зауытында жұмыс істедім. Жұмысы ауыр. Дегенмен темір торда телміріп жата бергенше, күн ұзаққа бір іспен айналысып, оның үстіне тиісті жалақымды алып отырайын дедім. Бала күннен кеменің капитаны болуды армандаушы едім. Сол арманымды шағын кеме жасау арқылы жүзеге асырғандаймын. Бір күндері ағаш цехында жұмыс жасап жатқан жігіттердің ісіне қарап, қатты қызықтым. Негізі, қолөнермен айналысу адамға ерекше әсер сыйлайды. Әр қолдан шыққан дүниені бар ынтаңмен беріліп жасап, нәтижесінде жұрт қызығарлықтай керемет бұйым шықса, еңбегіңнің жемісін жегендей боласың, - дейді Бақытжан

Бақытжан алдымен қағазға макетін салып алады екен. Кейін оның каркасын дайындау үшін тиісті ағаш дайындап алады. Кеме жасауға көктерек ағашын таңдайды. Өйткені ол иілгіш келеді.

Бұл жұмыс аса сабырлықпен төзімділікті қажет етеді. Бір кеме жасау үшін шамамен он күн мен бір айдың арасындағы уақыт кетеді. Яғни, шағын кемені 7-10 күнде, ал үлкен кемені жасау үшін бір ай уақыт кетуі мүмкін. Онда да қолыңда қажетті материалдар болса, - дейді жазасын өтеуші.

Алдағы уақытта түрлі күрделі кеме құрастыруға бел буған Бақытжанның қолынан бүгінде 40-қа жуық су көлігінің макеті дайындалыпты.

Өзгелердің жаңалығы