БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоттарының саны 10,6 млн бірліктен асты

26 Желтоқсан 2019, 20:44
2310
Бөлісу:
БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоттарының саны 10,6 млн бірліктен асты

Алматы, BAQ.KZ. БЖЗҚ – бүгінде 10,6 миллионнан астам шоттың есебін жүргізетін және әкімшілік ететін тұрақты қаржылық институт. 

БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шоттарда жинақталған қаражаттың сомасы 2019 жылдың 1 желтоқсанына қарай 10,7 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 14%-ға көбейген. Өсу қарқыны негізінен міндетті зейнетақы жарналары бойынша ашылған шоттарда байқалады – олардағы жинақ сомасы 10,4 трлн теңгені (жалпы соманың 97,7%-ы) құрап, жыл басынан бері 14%-ға өскен. 

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақталған қаражаттың сомасы 241,8 млрд теңгеге жетсе (бүкіл жинақ ақшаның 2,3 пайызы), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтардың сомасы 1,9 млрд теңге болды (0,02 %). Салымшылардың МЗЖ есебінен ашылған шоттарында жинақталған қаражаттың орташа сомасы – 1,1 млн теңге, МКЗЖ бойынша – 493,8 мың теңге және ЕЗЖ бойынша – 49,4 мың теңгені құрады, - делінген хабарламада.     

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтардың орташа көлемі ерлерде – 1,2 млн теңгеге жеткен, жыл басынан бергі өсім – 9%, әйелдерде – 933,4 мың теңге, жыл басынан бергі өсім – 11%. 

Міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына 1998 жылдан бері тұрақты аударып келген ер азаматтардың жинақтарының орташа көлемі – 5,1 млн теңге, ал әйелдерде – 3,9 млн теңге болған. 

Жыл басынан бері салымшылар мен алушылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 600,5 млрд теңгені құрады. Ал зейнетақы активтерінің табыстылығы 2019 жылдың 11 айында 6,16%-ды көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция 4,7% болды. Жылдық тұрғыдан алғанда зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде 8,13%-ға жетсе, осы кезеңдегі инфляция деңгейі 5,4%-ды көрсетті. Яғни, зейнетақы активтерінің табыстылығы оң сипатқа ие, - делінген хабарламада.   

Биылғы жылдың 11 айында 292,6 мың адамға 185,8 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемдері берілген. Оның ішінде:   

- зейнет жасына толуға байланысты – 59,5 млрд теңге;
- 1 және 2 топта мерзімсіз мүгедектігі бар жандарға – 1,6 млрд теңге;
- Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты – 44,6 млрд теңге;
- мұрагерлік бойынша – 25,2 млрд теңге;
- жерлеуге байланысты – 2,9 млрд теңге;
- басқа тұлғаларға – 0,1 млрд теңге;
- өмірді сақтандыру бойынша компанияға (ӨСҚ) – 52,0 млрд теңге төленіпті.

Биыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының енгізілгеніне бес жыл толды. Соған сәйкес салымшылар міндетті зейнетақы жарналарымен қатар міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы аннуитетін алуға қол жеткізді. Сақтандыру ұйымдарына аударылатын жинақтардың көлемі осы себептен артқан, - делінген БЖЗҚ таратқан хабарламада. 

Кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 21 102 теңгені құраған. Бұл ретте ай сайынғы ең жоғары төлем 514 666 теңге болған.

Өзгелердің жаңалығы