Жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер тізімі кеңейтілді

13 Қаңтар 2023, 14:45
1960
Бөлісу:
Жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер тізімі кеңейтілді

2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 165-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен Салық кодексіне жеке табыс салығын есептеу бойынша өзгерістер енгізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, жеке табыс салығы бойынша салық жеңілдіктерінің тізімі кеңейтіліп, цифрлық активтерді сатудан құн өсімінен түсетін кірісті салықтандыру бойынша норма енгізілді.

 Жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды:

ұжымдық, еңбек шарттарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде белгіленген нормалар қызметкерлерге олардың жұмысы жолда өтетін, жол жүру сипатындағы, қызмет көрсетілетін учаскелер шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда өтемақы төлемдері (01.01.2018 ж. бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі); 

- формалы киім кию және (немесе) оны қамтамасыз ету жөніндегі міндет белгіленген жағдайларда қызметкерге берілген формалы киімнің құны (01.01.2023 ж. қолданысқа енгізіледі); 

- төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға арналған бақылау-касса машинасын және жабдықты (құрылғыны) қолдануды бұзу фактілері туралы хабарлаған адамның факт расталған жағдайда алатын сыйақы сомасы (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.)

Кірісті түзету келесі кірістер бойынша жүзеге асырылады:

- ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстар (01.01.2022 ж. бастап қолданысқа енгізіледі); 

- жеке тұрғын үй қорындағы жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу үшін бюджет қаражатынан субсидиялар түріндегі табыстар (01.01.2022 ж. бастап қолданысқа енгізіледі); 

- теңгеде орналастырылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады). 

Мүліктік кірісті анықтау мақсатында: 

- меншік құқығы пайда болған сәттен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрақ орындарын сату кезінде мүліктік табыс пайда болады (01.01.2022 ж. бастап қолданысқа енгізіледі);

- ерлі-зайыптылардың біреуінің жылжымайтын мүлікке  құқықтарын мұрагерлікке алу кезінде құнның өсуін айқындау мақсатында меншік құқығында болу ерлі зайыптылардың осындай мүлікке ортақ бірлескен меншік құқығы тіркелген күннен бастап айқындалуы қарастырылады (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі).

01.01.2023 жылдан бастап, егер цифрлық активтерді сату кезінде құн өсімінен түсетін кіріс пайда болса, ондай мұндай кіріс жеке табыс салығымен салықтандырылады. Аталған норма бұрын болмаған.

Өзгелердің жаңалығы