Қор өкілдері алаяқтардың түрлі айлаға көшкенін айтып, барлық қызметтің тегін көрсетілетінін еске салды.
Алаяқтар қалай алдайды?
БЖЗҚ мәліметінше, алаяқтар телефон арқылы немесе мессенджерлерде хабарласып, өздерін қор қызметкері ретінде таныстырады. Олар зейнетақы жарналары түспегенін, төлемдер қайта есептелетінін немесе азаматтарға қосымша қаражат тиесілі екенін айтып, адамдарды жаңылыстырады.
Кей жағдайда төлем рәсімдеу немесе электрондық кезекке жазу сылтауымен жеке деректер мен SMS арқылы келген растау кодтарын сұрайды.
Тағы бір тәсіл – зейнетақы шоты бұғатталғаны туралы жалған хабарлама тарату. Мұндайда алаяқтар кәсіпорын қызметкерлері мен бухгалтерлерге хабарласып, оларды жалған сот орындаушыларына бағыттайды. Ал олар шектеуді алып тастау үшін ақша талап етеді.
Сондай-ақ зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға, емделуге немесе инвестициялық портфельді басқаруға аудару деген желеумен қолма-қол ақшаға айналдырып беруді ұсынатын делдалдар бар. Олар қызметі үшін алдын ала ақы сұрайды немесе банк деректерін иемденуге тырысады.
Бұған қоса, алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдалана бастаған. Жалған сайттар жасап, адамның дауысын қолдан жасап, жалған аудио және бейнематериалдар таратуы мүмкін.
Зейнетақы жинағын қалай қорғауға болады?
Қор азаматтарға бірнеше маңызды ескерту жасады. БЖЗҚ қызметкерлері телефон арқылы жеке деректерді, SMS-кодтарды немесе құпиясөздерді сұрамайды. Сондай-ақ ақша аударуды талап етпейді.
Күмәнді қоңырау немесе хабарлама түскен жағдайда ақпаратты қордың ресми сайты мен байланыс орталығы арқылы тексеру қажет. Алаяқтық белгілері байқалса, әңгімені тоқтатып, полицияға хабарласқан жөн.
БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін делдал қажет емес екенін және бұл қызметтерге комиссия алынбайтынын атап өтті.
Зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушыға аудару салымшының жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы ЭЦҚ көмегімен жүзеге асырылады. Ал тұрғын үй мен емделуге арналған төлемдер уәкілетті операторлар, яғни екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімделеді.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы да алаяқтардың назарында
БЖЗҚ "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын да алаяқтар өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын ескертті.
Атап айтқанда, делдалдар балалар туралы мәліметтерді бағдарламаға енгізуге немесе нысаналы жинақтарды алуға көмектесеміз деп, ата-аналардан ақша сұрайды.
Қор мұндай қызметтерге ақы төлеудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Ата-аналар балалардың ЖСН-ін, туған күнін және аты-жөнінің дұрыс жазылуын өздері тексере алады. Қате анықталған жағдайда мемлекеттік дерекқордағы мәліметтерді түзету немесе ХҚКО-ға жүгіну қажет.
Ал 18 жасқа толған азаматтар жинақтарын білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану үшін уәкілетті банктер арқылы өздері өтінім бере алады. Бұл қызмет те тегін көрсетіледі.
Ең оқылған:
- Индонезия президенті орман өртінің түтіні үшін Сингапур мен Малайзиядан кешірім сұрады
- Үшінші әйел, тыңшылық күдігі мен миллиардтар: Дженсен Хуанг дауы қалай өрбіп жатыр?
- Иран Бахрейндегі АҚШ әскери базасына дрондармен шабуыл жасады
- «Менің де сұрағым бар»: Сүлейменова аттестаттауға қатысты сынға жауап берді
- Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу жеңілдеді: Емтиханды енді шектеусіз тапсыруға болады