Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр және Ү. Түктібаев ауылдары табиғи газға қосылды. Нәтижесінде елді мекендердегі жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Атап айтқанда, Жанқожа батыр ауылында 283 тұрғын үй, 6 әлеуметтік және 7 кәсіпкерлік нысанға газ берілді. Ал Ү. Түктібаев ауылында 325 тұрғын үй, 4 әлеуметтік және 3 кәсіпкерлік нысан табиғи газға қосылды.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысында 11 елді мекен газдандырылып, өңірдегі газбен қамту деңгейі 83 пайызға жеткен. Биыл жыл соңына дейін «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында тағы бірқатар елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде газдандыру деңгейі 85 пайызға дейін артады.
Жалпы, Энергетика министрлігі газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Биыл осы бағытта 40 жоба іске асырылып жатыр. Оның 7-еуі – өтпелі, 33-і – жаңа жоба. Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін тағы 36 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.