Жеке сот орындаушысы шотты бұғаттады: Азамат өз құқығын қалай қорғай алады?

Қазақстанда жеке сот орындаушыларының  қатысуымен болатын даулы жағдайлар қоғамда жиі талқыланады.

Бүгiн 2026, 09:55
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллаж Бүгiн 2026, 09:55
Бүгiн 2026, 09:55
220
Фото: ©BAQ.KZ коллаж

Мәжбүрлеп көшіру, мүлікті тәркілеу немесе банк шоттарын бұғаттау туралы бейнежазбалар азаматтардың құқықтары қаншалықты қорғалғаны және ЖСО өкілеттігінің шегі қай жерде аяқталатыны жөнінде сұрақтар туындатады. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында заңгер Юлия Абжанова азаматтардың өз құқықтарын қалай қорғай алатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, жеке сот орындаушыларының қызметі сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мен азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікке негізделген.

ЖСО қандай өкілеттіктерді өз бетінше жүзеге асыра алады?

Атқарушылық іс жүргізу басталғаннан кейін сот орындаушысына едәуір кең өкілеттік беріледі.

Ол борышкерге талаптар жолдай алады, бағалаушылар мен мамандарды тарта алады, сондай-ақ Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖ ААЖ) арқылы электрондық сұрау салулар жасай алады.

Сонымен қатар, ЖСО борышкердің банк шоттарына, депозиттеріне және электрондық ақшасына тыйым салу туралы қаулыны өз бетінше шығара алады.

Сондай-ақ ол жылжымалы және жылжымайтын мүлікке қатысты тіркеу әрекеттеріне шектеу қоя алады. Бұған автокөліктер, арнайы техника, жер учаскелері, компаниялардағы үлестер және басқа да активтер жатады.

Алайда сот орындаушысының дербес әрекет ету құқығы заңмен нақты шектелген.

Сот орындаушысының әрекеті адамның конституциялық құқықтарына тікелей әсер ете бастаған сәтте заң міндетті түрде сот санкциясын талап етеді,-дейді Юлия Абжанова.

Мәселен, ЖСО азаматтың еркін жүріп-тұру құқығын өз бетінше шектей алмайды. Қазақстаннан шығуға уақытша тыйым салу үшін міндетті түрде соттың санкциясы қажет.

Мұндай шара келесі талаптар бір мезгілде орындалған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін:

  • берешек көлемі 20 АЕК-тен асуы тиіс;
  • борышкер тиісті түрде хабарланғаннан кейін бес жұмыс күнінен астам уақыт бойы міндеттемені орындаудан жалтаруы қажет.

Сол сияқты банк, салық немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпараттарды алу үшін де сот бақылауы қажет.

Үшінші тұлғалардың құқықтарына әсер етуі мүмкін жағдайларда да сот санкциясы талап етіледі.

Мысалы, борышкердің үйіндегі мүлікке тыйым салынған кезде оның нақты иесі туыстары немесе басқа адамдар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сот орындаушысы мүліктің кімге тиесілі екенін өз бетінше анықтай алмайды.

Егер борышкердің үйіндегі туыстарына тиесілі мүлік тәркіленсе, олардың құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгініп, бұл мүлікті тізімнен алып тастауды талап етуіне тура келеді,-дейді сарапшы.

Тұрғын үйге қол сұғылмаушылық және полицияның қатысуы

Атқарушылық іс жүргізудегі ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үйге кіру тәртібі.

Заңгердің айтуынша, қолданыстағы заңнама сот орындаушысына меншік иесінің немесе онда тұратын адамдардың ерікті келісімінсіз үйге немесе пәтерге кіруге тыйым салады.

Тұрғын үйді тексеру, мүлікті түгендеу, мәжбүрлеп көшіру немесе құрылысты бұзу үшін соттың арнайы қаулысы болуы қажет.

Мұндай әрекеттер қатаң регламент бойынша жүзеге асырылады:

  • кемінде екі бейтарап куәгердің қатысуымен;
  • процесті үздіксіз бейнетіркеу арқылы;
  • ішкі істер органдары қызметкерлерінің міндетті қатысуымен.

Бұл жағдайда полиция сот орындаушысының жазалау құралы емес, қоғамдық тәртіп пен барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдік болып саналады,-дейді заңгер.

Полиция қызметкерлері тек мынадай жағдайларда ғана көмек көрсете алады:

  • азаматтарды мәжбүрлеп көшіру немесе қоныстандыру кезінде;
  • борышкерді немесе оның автокөлігін іздестіру барысында;
  • сот санкциясы негізінде үй-жайға кіруге кедергі жасалған жағдайда.

Ал полицияны психологиялық қысым көрсету құралы ретінде пайдалану немесе олардың ЖСО функцияларын орындауы заң талаптарына қайшы келеді.

Қандай мүлік тәркіленбеуі тиіс?

Берешекті өндіру бойынша кең өкілеттік берілгенімен, заң белгілі бір мүлік түрлерін өндіріп алудан қорғайды.

Борышкердің меншік құқығы толық қорғансыз емес. Заң өндіріп алуға болмайтын мүліктің нақты тізбесін белгілеген,-дейді Абжанова.

Оларға мыналар жатады:

  • күнделікті тұрмысқа қажетті заттар;
  • киім-кешек пен аяқ киім;
  • азық-түлік;
  • отбасының өмір сүруіне қажетті отын қоры.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы көлік құралдары мен тұрмыстық бұйымдар да қорғалады.

Ақша қаражатын бұғаттау кезінде де белгілі бір шектеулер бар.

ЖСО ағымдағы шоттарда кемінде бір күнкөріс деңгейіне тең соманы қалдыруға міндетті. Осындай талап жалақы мен зейнетақыдан ұсталым жасау кезінде де қолданылады.

Бұдан бөлек, өндіріп алудан толық қорғалған арнайы шоттар бар. Оларға:

  • балаларға төленетін алимент;
  • мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер;
  • тұрғын үй төлемдері;
  • мақсатты жинақтар түсетін шоттар жатады.

Мұндай шоттарға өндіріп алу шараларын қолдану немесе оларды бұғаттау – заңды өрескел бұзу,-деп атап өтті заңгер.

Жалғыз баспанаға қатысты талаптар.

Егер жалғыз тұрғын үй ипотекалық кепілде тұрса, заң бойынша оған өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

Алайда тәжірибеде әлеуметтік жағдайлар да ескеріледі. Кәмелетке толмаған балалардың болуы, жылыту маусымы немесе азаматтың әлеуметтік осал топқа жатуы сот шешімін орындауды кейінге қалдыруға негіз болуы мүмкін.

ӘППК ЖСО әрекеттерін шағымдану тәртібін қалай өзгертті?

Юлия Абжанованың айтуынша, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызды құралдардың бірі – Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс.

ЖСО қатысатын даулар әкімшілік әділет саласына өткеннен кейін сот процесінің философиясы өзгерді.

Енді азамат ЖСО заң бұзғанын дәлелдеуге міндетті емес. Керісінше, сот орындаушысы өз әрекетінің заңдылығын, негізділігін және рәсімдік талаптарға сәйкестігін дәлелдеуі тиіс,-дейді сарапшы.

Құқығы бұзылды деп есептейтін азамат мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа талап арыз бере алады.

Алайда бұл үшін белгіленген мерзім қысқа – азамат заңсыз әрекет немесе қаулы туралы білген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде сотқа жүгінуі керек.

Әкімшілік соттың басты ерекшелігі – судьяның белсенді рөлі.

Судья тараптардың дәлелдерімен ғана шектелмей:

  • қажетті құжаттарды өз бастамасымен сұрата алады;
  • сот орындаушысының әрекеттерінің пропорционалдылығын бағалайды;
  • борышкердің мүддесі мен сот төрелігінің қоғамдық мүддесі арасындағы тепе-теңдікті тексереді.

Соттан бөлек азаматтар:

  • өңірлік және республикалық жеке сот орындаушылары палаталарына;
  • әділет органдарына да шағымдана алады.

Бұл органдар ЖСО қызметін бақылап, қажет болған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартып, лицензиясын тоқтата тұруы немесе толық қайтарып алуы мүмкін.

Жүйедегі қандай мәселелер әлі де сақталып отыр?

Сарапшының пікірінше, жүйедегі басты проблема – жеке орындау моделінің өзінде.

Кейбір жағдайларда ЖСО-ның сыйақы алу мақсатында қарызды кез келген жолмен өндіруге ұмтылысы гумандық, ақылға қонымдылық және пропорционалдық қағидаттарынан басым түсіп жатады,-дейді Абжанова.

Электрондық хабарландыру жүйесі де қиындықтар туғызады.

Іс жүзінде SMS-хабарламалар мен АІЖ жүйесіндегі ескертулер әрдайым дұрыс жұмыс істемейді. Сонымен қатар көптеген азамат тіркелген мекенжайында тұрмайды.

Соның салдарынан борышкерлер шоттарының бұғатталғанын немесе мүлкіне тыйым салынғанын тек шаралар қолданылғаннан кейін ғана біліп жатады.

Тағы бір мәселе – атқарушылық іс жүргізу барысында дауды сотқа жеткізбей шешудің тиімді тетіктерінің жеткіліксіздігі.

Сарапшының айтуынша, көптеген жағдайда мәселені медиация, төлемді бөліп төлеу немесе орындауды кейінге қалдыру арқылы шешуге болар еді.

Медиация, бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру сияқты икемді әрі жедел тетіктердің жеткіліксіздігі жағдайды одан әрі ушықтырады,-дейді заңгер.

Нәтижесінде атқарушылық іс жүргізу көбіне борышкер мен сот орындаушысы арасындағы ұзаққа созылған текетіреске айналады.

Юлия Абжанованың пікірінше, жүйені одан әрі жетілдіру сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етумен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін күшейтуге бағытталуы тиіс.

Наверх