Жеке сот орындаушылары кәсіпкер сияқты, көп ақша түсетін жерде жүреді – Абзал Құспан

23 Сәуір 2025, 11:50
629
Бөлісу:
Жеке сот орындаушылары кәсіпкер сияқты, көп ақша түсетін жерде жүреді – Абзал Құспан
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан алимент төлемейтіндерге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алимент төлеу - әкенің міндеті. Ол талқыланбайтын мәселе. Оны заңмен негіздеудің өзі артық дүние. Мысалы, ажырасып кеткен әйел адам “менің жұмысым жоқ” немесе “жағдайым жоқ” деп, баласын аштан өлтірсе, не істейміз?! Балаға қарап отырып, өлтіргені үшін әйелдің үстінен іс қозғап, оны соттаймыз. Ал енді әкесінің жұмысы болсын, не болмасын, тіпті олардың арасында қымбат көлікпен жүретіндері, әйеліне ерегесіп, бизнесін басқа біреудің атына жазып қоятындар бар. Ал алимент ол әйеліне емес, басқа біреуге емес, баласына арналған дүние екенін түсінуіміз керек, - деді депутат.

Абзал Құспан әйелдің құқығының артында автоматты түрде баланың құқығы тұратынын айтты. 

Заңды қатайта бергеннен нәтиже болмайды. Мысалы, шетелдік тәжірибеде алимент төлемеген азаматтарға басқа да моральдық жауапкершілік жүктейді. Ол адамның жүріп-тұруының өзін қиындатып қояды. Мәселен, ол кісі көлік айдап жүрсе, оны жүргізуші куәлігінен айырады. Не болмаса қоғамда жүріп-тұруын қиындататын қосымша шаралар қабылдайды. Біз де қосымша шаралар ұсынып жатырмыз, - деп айтты ол.

Депутат алимент өндіруді жеке сот орындаушыларынан алып, мемлекетке қайтару керегін ұсынды.

Жеке сот орындаушылары үлкен ақша түсетін жерлерге қарай ұмтылады. Олар қазір кәсіпкер сияқты. Олар мемлекеттік қызметшілер емес. Оларды қызметінен алып тастай алмаймыз. Мансабына әсер ететін шара қолдана алмайсыз. Оларға тек әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын ғана қолдана аласыз. Яғни олар қай жерде көп ақша түседі, сол жерде ғана жүреді, - деді Құспан Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы