ҚР Туризм және спорт министрлігі Жазғы Паралимпия ойындарында бақ сынасып жатқан спортшылардың тоғызыншы күні жеткен жетістіктерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пара дзюдо: J1 санатында 73 кг салмақта өнер көрсеткен Ерғали Шәмей финалдық белдесуде румыниялық балуан Флорин-Александр Бологаға жол беріп, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
57 келідегі Даяна Федосова үшінші орын үшін өткен кездесуде Түркия өкілі Дёндю Ешилюртты айқын жеңіп, ел қоржынына кезекті қола жүлдені салды.
Қола жүлдеге белдескен Аяла Мереке (70 кг) Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері грузиялық Ина Калданиден жеңіліп қалды.
Пара жүзу: Әйелдер арасындағы S4 санатында еркін стильде жүзуде Зүлфия Ғабидуллина финалда бақ сынап, мәреге 7-ші болып жетті.
Ерлер бәсекесінің S5 санатында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Сиязбек Дәлиев финалда өнер көрсетіп, 7-орынға табан тіреді.
Пара каноэ: Жаңыл Балтабаева 200 метр қашықтықта VL3 санатында сынға түсіп, 1:04.72 нәтижесімен жартылай финалға жолдама алды.
Бибарыс Сыпатай KL2 санатында 200 метр қашықтықты 48.50 секунд нәтижесімен жартылай финалға шықты.
Паралимпиаданың тоғызыншы жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде бар.