Биыл жазғы демалыс кезінде Қазақстан бойынша 3,2 млн бала түрлі лагерьлер мен демалыс орталықтарында тынығады. Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіздік пен ұйымдастыру шараларын бақылауға алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мақсатында 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары әзірленіп, республикалық және өңірлік штабтар құрылған.
Министрлік каникул кезінде балаларға арналған бірыңғай әдістемелік ұсынымдар дайындағанын атап өтті. Сонымен қатар:
• Барлық демалыс орталықтарының тізімі әзірленді;
• Республикалық штабтың отырыстарында олардың дайындығы қаралды;
• Санитариялық нормалар, тамақ қауіпсіздігі, судағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бақылау күшейтілді.
"Қазақстан халқына" қорының қолдауымен "Жаздық жолдама" жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Әлеуметтік осал топтардан шыққан және ауылдық жерлердегі көп балалы отбасылардың балаларына басымдық беріледі.
Жалпы, елімізде 10 мыңнан аса демалыс орнында жазғы каникулда 3,2 млн бала демалады:
• 15 мыңнан астамы – жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталықтарында,
• 186 мың бала – қала маңындағы лагерьлерде,
• 2,8 млн бала – мектеп жанындағы демалыс алаңдарында,
• 160 мың бала – шатырлы және киіз үй типіндегі демалыс орындарында.