Алматыда әйел баласына балабақшада қатыгездік көрсетілгені туралы полицияға арызданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әйел жекеменшік коррекциялық балабақшада ұлына қатыгездік көрсетілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мекеме қызметкерлері ішінде дөрекілік көрсеткен жері бар видеоны өздері байқамай жіберген.
Баланың анасы бұл туралы Threads желісінде жазды. Ол сабақтардан тұрақты түрде видео алып тұратынын, бірақ бұл жолы тәрбиешінің балаға дөрекілік көрсетіп, оған айқайлап жатқан сәті түсіп қалған кадрларды көргенін айтты. Анасы тәрбиешінің видеоны жіберер алдында дөрекілік танытқан тұсын кесіп тастауды ұмытып кеткен болуы мүмкін деп болжайды.
Анысаның айтуынша, ұлы сөйлей алмайды. Сондықтан балабақшада не болып жатқанын айтып бере алмайды, тіпті сөзбен көмек те сұрай алмайтынын жеткізді. Әйел осы жағдайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.
BAQ.KZ сауалынан кейін Алматы қалалық полиция департаменті тергеудің басталғанын растады.
Алматы қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше күтім мен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты ықтимал дөрекі қарым-қатынас фактілеріне ерекше көңіл бөледі. Аталған факті бойынша тергеу басталды. Бостандық аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ коррекциялық орталық маманы мен басшылығының әрекеттерін анықтауда. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі, - деп жазылған Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада балаларды орындыққа байлап қойып, тәпішкемен ұруға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқи отырыңыз:
Таразда тәрбиеші аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған
Балабақшадағы зорлық-зомбылық: Таразда екі жасар баланы ұрған тәрбиеші тергеуге алынды
Ақтөбеде ұйықтап жатқан баланың бетін тырнаған балабақша қызметкері тергеліп жатыр