Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыстағы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Қала да, кент те абаттандыру бойынша сапалы серпіліс жасаған. Өткен жылы мұнда Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 11 жоба жүзеге асырылды, 199 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Жәйремде Мәдени-демалыс орталығы жөнделді. Қаражал қаласының №1 орта мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа спорт залы салынды. Қаланың орталық көшелері асфальтталып, жарықтандырылды. Асфальт пен жарық нүктелері жоқ жеке сектордың 8 көшесін абаттандыру қалды - дейді облыс басшысы.
Қазір кәріз желілерін қайта құру жобасы әзірленуде және келесі жылға монтаждау жұмыстары жоспарланып отыр.
Өңірде бес қабатты 2 тұрғын үй қалпына келтірілді, соның нәтижесінде тұрғын үй кезегі 75%-ға қысқарады. Бұл – шамамен 150 пәтер. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Қаражалдағы стадионды қалпына келтіріп, бассейн құрылысына құжаттар дайындауды тапсырдым. Жәйрем кентінде жылына 5 млн тонна кен өңдейтін өндірістік қуаты бар полиметалл байыту фабрикасының үш жылдық құрылысы аяқталады. «Жәйрем» кен орны - мырыш қорғасынды, баритполиметалды, сондай-ақ темір марганец кендерінің бай қорлары бар Қазақстандағы полиметалл кендерінің ең үлкен учаскелерінің бірі. Осы жылдың мамыр айында фабрика іске қосылады деп күтілуде, Бір жыл ішінде өндіріс жобалық қуатына шығады, - деді Жеңіс Қасымбек.