«Жайлы мектептерді» салатын мердігер компаниялар анықталды

6 Мамыр 2023, 11:34
1014
Бөлісу:
«Жайлы мектептерді» салатын мердігер компаниялар анықталды
Фото: Артём Чурсинов

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алғашқы конкурс нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның қорытындысына сәйкес еліміздің 5 өңірінде салынатын 21 мектептің мердігерлері анықталды:

Астана -15 мектеп
Павлодар облысы - 2 мектеп
Абад облысы - 2 мектеп
Жетісу облысы - 1 мектеп
Ұлытау облысы - 1 мектеп
СҚО - 1 мектеп (мердігер анықталмады).

Айта кету керек, елордада бәсекелестік аса жоғары болды. Бір лот үшін 2-7 әлеуетті мердігер таласты.

Бастапқыда байқау 26 мектепте жарияланды. 43 әлеуетті жеткізуші ұзын-саны 101 өтінім берген. 21 мектеп бойынша жеңімпаздар бірден анықталса, қалған 5 лот бойынша әлеуетті мердігерлер біліктілік талаптарына сай келмеген. Сондыөтан бұл мектептер бойынша сатып алу өткізілмеді.

Ал анықталған жеңімпаздар 1 апта ішінде ұлттық жоба операторы Samruk-Kazyna Construction компаниясымен ЕРС-шартына қол қояды. Мұндай шарт жобалау (Engineering), жабдықтарды сатып алу (Procurement) және құрылыс (Construction) сияқты барлық процестерді бір уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Шарттарға қол қойылғаннан кейін мектептерді жобалау кезеңі басталады. Сыйымдылығы 300-ден 1200-ге дейінгі оқу ошақтары үшін бұл процесс 4 айға, қалғандарына 5 айға созылады. Жобалаумен қатар құрылыс жоспарланған жер учаскелерінде аумақты тазалау, уақытша инженерлік желілерді тарту, қоршау сияқты дайындық жұмыстары басталады.

2023 жылы 185 жайлы мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл нысандардың бәрі бойынша конкурс қорытындысы алдағы бірнеше күнде белгілі болады.

Нысандар дайын күйде тапсырылады, яғни конкурста жеңіске жеткен компаниялар мектептерді салып қана қоймай, тұтас жабдықтауы тиіс. Жиһаз, сантехника, интерактивті құрылғылар және т.б. үшін бөлек жеке лоттар жарияланбайды. Осылайша, әлеуетті жеткізушілерге консорциумдарға бірігуге мүмкіндік берілді. Қаперге салайық, барлық сатып алулар тапсырыс берушінің, яғни Samruk-Kazyna Construction компаниясының онлайн платформасында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы