Жаяу жүргіншіні соғып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

12 Қаңтар 2021, 21:36
1318
Бөлісу:
Жаяу жүргіншіні соғып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облыстық ПД-ға «Самара-Шымкент» тас жолының 773-шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері белгісіз жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткенін анықтады.

Салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмып, ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Сонымен қатар қайғылы кеште қалың тұман мен көктайғақ болған. Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша СДТБТ-де тіркелді.

Қабылданған іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жаяу жүргіншіні қағып кеткен күдіктіні ұстады. Тергеу барысында 47 жастағы «Mercedes» жүк көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласына қарай бет алып, Мұғалжар ауданының тұрғыны жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, кейін жауапкершіліктен қорқып, ЖКО орнынан қашып кеткенін анықтады. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде,  – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілерден аса қажет болмаған жағдайда қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуды, жолдарда мұқият болуды, қауіпсіз қашықтықты сақтауды, ауа-райына сәйкес жылдамдық режимін таңдауды сұрайды.

Жол белгілерін қатаң сақтаңыз. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолда абай болуға кеңес береміз, көлбеу беті бар жерлерді айналып өтуге тырысыңыз, қауіпті жолда өте мұқият болыңыз, асықпаңыз және жолды жүгіріп өтпеңіз, – дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы