Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы басқа қаладан келген студенттерге жатақханаға орналасуға басымдық беріледі. Ал жатақханаға орналаса алмаған немесе пәтер жалдауға мәжбүр болған студенттерге ай сайын 29 АЕК көлемінде қосымша төлем қарастырылған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, жатақханаға бірінші кезекте орналасу құқығы әлеуметтік санаттағы талапкерлерге беріледі. Олардың қатарында толық емес отбасылардан шыққан, қамқоршылыққа алынған балалар, бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары бар.
Әдетте бұл санаттағы студенттерге, әсіресе бірінші курсқа қабылданғандарға жатақханадан орын бөлуге басымдық беріледі.
Студенттерге ай сайын 29 АЕК төленеді
Саясат Нұрбектің сөзінше, 2023 жылдан бастап әлеуметтік осал санаттағы басқа қаладан келген студенттерге қосымша қаржылай қолдау көрсету шарасы енгізілген. Қазір оның көлемі ай сайын 29 АЕК-ті немесе 120 мың теңгеден астам қаражатты құрайды.
Бұл қаражат студенттің негізгі шәкіртақысына қосымша төленеді. Оны жатақханада тұруға немесе пәтер жалдауға пайдалануға болады.
Егер студентті жатақхана жағдайы қанағаттандырмаса немесе ондай жатақхана болмаса, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар студенттерге арналған арнайы бөлмелер жеткіліксіз болса, ол осы қаражатты пәтер жалдауға пайдалана алады. Яғни бұл ақшаны тек жатақханаға жұмсау міндеттелмейді, – деді министр.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда салынған жаңа жатақханалардың барлығында ерекше қажеттілігі бар студенттерге арналған арнайы жабдықталған бөлмелер қарастырылып келеді.
Саясат Нұрбек бұл қолдау шарасы әлеуметтік осал санаттағы студенттерге айтарлықтай көмек болып отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Саясат Нұрбек студенттерге үндеу жасады.