«Жасыл ел». Жаңа маусымда 525 ақтөбелік жас жұмыс істеп жүр

29 Маусым 2023, 16:36
1101
Бөлісу:
«Жасыл ел». Жаңа маусымда 525 ақтөбелік жас жұмыс істеп жүр
Фото: автордан

Ақтөбе облысында маусым айында «Жасыл ел» жасағында 525 жас еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, мамыр айында «Жасыл ел» жасағында 300-ге жуық жас жұмыс істеген. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында 249 адам, ал аудандарда 27 жас еңбек еткен.

Осы айда, яғни еңбек маусымының екінші ауысымында 525 жас абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Қуаныштысы, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп жүргендердің жалақысы артты. Енді олар 120-130 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Жалпы биыл өңір бойынша жасақ құрамында 2000 жас еңбекке тартылады, - дейді ол.

Жылдағы дәстүрмен биыл да жазғы еңбек маусымы мамыр айында басталды. Қазір жастар қала мен ауылдарды көгалдандыруға, яғни шөп жұлып, гүл егіп, тазалық жұмыстарына атсалысып жүр. Ал құрылыс жасақтарында еңбек етіп жүргендер құрылыс нысандарын салуға жұмылдырылады.

«Жасыл ел» жасағының аға комиссары Артур Әзиевтің айтуынша, қазір «Жасыл ел» жасағындағы 160 жас бірнеше топқа бөлініп, орман шаруашылығы мен «Мағаджан» тәлімбағында еңбек етуде. Олардың міндеті — шөп жұлу, қоқыстарды тазарту, абаттандыру жұмысына атсалысу.

Осы ауысымда менің қарамағымда 160 жас бар. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының студенттері, жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ жұмыссыз жастар бар. Жылдан жылға «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары көбейіп келеді. Биыл олардың жалақысы да өсіп отыр. Жалпы еңбек еткен адамға жұмыс көп, — дейді Артур Әзиев.

Оның айтуынша, өткен аптада «Жасыл ел» жасақтарынан құралған «Эко» гвардия отрядының сарбаздары Ақтөбе қаласы Заречный тұрғын алабы маңындағы Елек өзенінің бойында «Таза қала — таза жағалау» акциясын өткізген. Акцияға 80-нен астам жас қатысқан.

Біз бұл акцияны жыл сайын ұйымдастырамыз. Себебі өзен-көлдердің жағасы тазалықты қажет етеді. Өкінішке қарай, жаз айларында су айдындары жағасы күл-қоқысқа толады. Осы орайда біз қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, пайдаланған заттарын өздерімен бірге алып кетуге немесе қоқыс жәшіктеріне лақтыруға шақырамыз. Қаланың тазалығы — бұл ортақ абырой, сол себепті қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайық, — дейді аға комиссар.

Айта кету керек, қазір «Жасыл ел» жасағы тек жұмыс жасап қана қоймай, түрлі іс-шараларға да атсалысуда. Мәселен, жуырда еңбек жасағының сарбаздарына нашақорлықтың алдын алу үшін синтетикалық есірткінің зияны мен шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Сондай-ақ 26 маусымда «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп жүрген ер балалар арасында мини-футболдан турнир өтті. Оған 8 команда қатысып, өзара сынға түсті.

Жарыстың өтуіне Ақтөбе облыстық жастар мен балалар ұйымдары қауымдастығының төрағасы, жастардың жанашыры Жандос Табылғанов демеушілік етіп, үздік атанған ойыншыларға қаржылай сыйақылар табыстады. Атап айтсақ, «Үздік ойыншы» атағын Ермек Серікбаев иеленсе, «Үздік қақпашы» номинациясын Темірлан Құлынтаев алды. Ал «Үздік шабуылшы» номинациясы Алмат Есетке, «Үздік қорғаушы» атағы Арсен Саматовқа берілді.

Аталған турнирдің қорытындысы бойынша І орынды «Берсиев» командасы жеңіп алды.

Өзгелердің жаңалығы