Жастардың мәселесін жастар көтереді – Асхат Садырбай

10 Қаңтар 2021, 13:26
2740
Бөлісу:
Жастардың мәселесін жастар көтереді – Асхат Садырбай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Sailau Talks-2021 барысында қазақстандық сарапшылар елде өтіп жатқан Парламент сайлауының маңыздылығы мен ерекшелігін талқылады.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина биылғы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлаудың ерекшеліктеріне тоқталды.

Жастардың мәселесін жастар көтереді – Асхат Садырбай

Жалпы Сайлау-2021-дің негізгі ерекшелігіне тоқталар болсақ, бірінші ерекшелігі – Конституциялық мерзімде, яғни кезекті сайлау болып саналады. Екіншіден – тұңғыш рет Қазақстанда мәслихаттарға пропорционалды жүйе бойынша сайлау өтіп жатыр. Үшіншіден – алғаш рет саяси партиялардың барлық тізімінде 30%-дық квота сақталған. Тағы да ескере кету керек, бізде «Парламенттік оппозиция» деген түсінік қалыптасты, соның нәтижесінде сайлаудан кейін жаңа Парламенттің құрамында оппозициялық партия мүшелерінен депутаттар сайланады, - деді Алуа Жолдыбалина.

Ал Team Kazakhstan жастар қозғалысының жетекшісі, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Асхат Садырбай Бұл сайлау басқа сайлауларға қарағанда өзгерек екенін алға тартты.

«Сабақты ине сәтімен» дегендей, егер осы сайлау бір жыл бұрын болғанда мүмкін халықтың сұранысы, өзекті проблемалар, елдегі саяси жағдай, басқа да мәселелер басқаша болар ма еді?! Бірақ соңғы 1 жылдың, тіпті жарты жылдың ішінде пандемияның әсерінен көп нәрсе өзгерді. Біз қазір ненің маңызды, ал ненің аса маңызды емес екенін жақсы түсіндік. Оның ішінде жастарға келетін болсақ, расында да жастардың бұл сайлауда белсенділігі жоғарырақ. Себебі осы жолы, баршаңызға белгілі, әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота бөлінгені белгілі. Ал бұрын мәслихатта, Парламентте жастардың үлес пайызы 1-2% ғана болған, - деп атап өтті ол. 

Оның айтуынша, биылғы сайлау науқанының арқасында жастар мен әйелдердің сайлауға деген қызығушылығы, жалпы саяси болып жатқан жағдайларға байланысты белсенділігі әлдеқайда артты. 

Олардың белсенділігін әлеуметтік желілерден де, мессенджерлерден де байқай аламыз. Елімізде түрлі салада талантты, білімді, шетелге барып оқып, өз білімін шыңдап келген жастар бар. Әлемде өздерін дәлелдеп, мойындатып жатқан алпауыт компанияларда істеп жатқан отандастарымыз, жастарымыз бар. Сол жастарымыз өзіміздің елімізде де көп нәрсені жақсартқысы, елдің дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Жастардың мәселесін жастар көтереді, жастар түсінеді және оны жастар айтып жеткізеді. Сондықтан биыл жастар үшін жемісті жыл болады деп сенемін, - деді Асхат Садырбай.

Өзгелердің жаңалығы