Жастар жылы жастарға мүмкіндік береді – депутат

30 Қаңтар 2019, 08:55
4648
Бөлісу:
Жастар жылы жастарға мүмкіндік береді – депутат

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев жастар еңбекқорлықпен бәсекеге түсу керек деген пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, елдегі білім саласындағы бағдарламалардың жастарға берер мүмкіндігі бар.

"Мемлекет тарапынан, әсіресе Елбасының жеке бастауымен жастарға көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау аз емес. Білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін "Дипломмен ауылға" бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін "Болашақ" халықаралық стипендиясы, "Серпін" бағдарламасы жүзеге сәтті асырылып келеді. "StartapBolashak" бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жас қазақстандықтардың танылуына мүмкіндік береді. Ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет, спортта ерекше көзге түскен талантты жастарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы табысталады. Президенттің тапсырмасымен қабылданған "7-20-25" бағдарламасы әр жас отбасыға ыңғайлы шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді", - деді ол.

Айтуынша, жастар білімімен бәсекеге түсу керек.

"Жастар еліміздің жарқын болашағына жетелейтін басты қозғалтқыш болып табылады. Осы орайда, Елбасы мен Қазақстан халқының жастарға үміт артуы орынды екеніне күмән жоқ. Елбасының Жастар жылының ашылуы кезінде жас ұрпақтың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған тапсырмалары олардың ел экономикасы мен руханиятын дамытуына үлкен демеу болары сөзсіз. Өз кезегінде олар да Отанына адал қызмет етіп, өркениетке ұмтылары анық. Жастар білімімен, тәрбиесімен, отансүйгіштігімен, еңбекқорлығымен бәсекеге түсуі керек", - деді депутат.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы