Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері өз-өзіне қол салу жағдайы төмендеген. Алайда суицидке бармақ болғандардың мөлшері артып, 5,1%-ды құраған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәжілісінде айтты.
Оның айтуынша, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі жасөспірімдердің суицидке баруы. Дегенмен жыл басынан бері өз-өзіне қол салғандар саны төмендеген.
«Алайда суицидке бармақ болғандардың мөлшері артып, 5,1%-ды құрап отыр. Суицидке себеп болатын жағдайдың басым көпшілігі жасөспірімдердің ата-анасы мен туыстарымен ұрсысып қалуы. Сонымен қатар, отбасында баланы дұрыс түсінбей, жалғызсырау сезімінен болуда», - дейді ол.
Жиын барысында ол мектептерде және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бала қауіпсіздігі және профилактикалық шаралар бойынша айтып өтті.
«Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептерге және басқа да жерлерге 7,5 мыңнан астам қауіпсіз маршрут әзірленді. Жыл сайын оқу маусымында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Байқаңыз балалар», «Қауіпсіз жол» , «Мектепке жол» деген жедел алдын алу шаралары өткізіліп тұрады. 2019 жылдың 12 тамызы мен 10 қазан аралығында оқушыларды оқу орындарына тасымалдауды ұйымдастыру кезінде «Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы өткізіледі. Оған Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетімен бірлесе отырып, балалардың тасымалдауын ұйымдастырады», - деді Марат Қожаев.
Сөз арсында ол балардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі атракциондардың талаптарға сай орналасуын қадағалап жатқандарын айтты.
«Әсіресе өзен жағалауларындағы саябақтарда, алаңдар мен аулаларда орналасқан батуттар мен өзге де атракциондардың қауіпсіздік талаптарын сақтауын қатаң бақылаудамыз. Естеріңізде болса қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың арты көктемде Қарағанды қаласында үлкен қайғылы жағдайға әкеліп, жас бала қайтыс болған. Өткен жылы қатты жел тұрған кезде Астанада да 5 бала жарақат алды. Осы жылдың 10 маусымында атракциондардың қауіпсіздік стандарты бекітілді. Ол барлық атракциондардың техникалық қауіпсіздігін анықтайды», - деді ол.
Министрлік интернет желіде балалардың психикасына кері әсер ететін және зорлық-зомбылықты тықпалайтын ресурстарды анықтау жұмысыy жалғастырып жатыр екен. Жалған аккаунтпен кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы қылмыстық жолға баратындарды анықтау жүргізілуде.
«Жыл басынан бері интернет желілеріне мониторинг жасау барысында порнографикалық өнімдер орналасқан 6 мыңдай интернет ресурсы анықталды. Олардың 800-ден астамы бұғатталды. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың виртуалдық кеңістіктегі байланысын қадағалау қажеттілігін ескертеміз. Біз полиция, ата-ана және мұғалімдер бірлесе жұмыс істеген кезде ғана балаларды қауіпсіз жағдайдан қорғай аламыз», - деді министрдің бірінші орынбасары.