Жасанды интеллект мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді – вице-министр

29 Қыркүйек 2026, 11:19
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 29 Қыркүйек 2026, 11:19
29 Қыркүйек 2026, 11:19
133
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда мұғалімдерге, студенттер мен оқушыларға арналған 165 мың ChatGPT лицензиясын беру жөнінде келісім жасалған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Астанада өткен C5+1 SI Conference конференциясы аясындағы брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында OpenAI компаниясымен бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.

Өздеріңіз білетіндей, бәріміз ChatGPT-ді пайдаланамыз. АҚШ Президентінің сапары аясында мұғалімдерге, студенттер мен оқушыларға арналған 165 мың лицензия беру жөнінде келісімге қол қойылды. Қазірдің өзінде мектептермен тиісті келісімдер жасалып жатыр, – деді Бахтияр Мұхаметқалиев.

Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Әсіресе үй тапсырмаларын тексеру сияқты көп уақытты қажет ететін жұмыстарды оңтайландыруға көмектеседі.

Мұғалімдер үй тапсырмаларын тексеру секілді көптеген жұмысты қолмен атқарады. Жасанды интеллект бұл үдерісті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз қауіпсіз қолжетімділігі бар жабық желіде бірлескен жобаларды іске қосып жатырмыз. Бұл экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Бахтияр Мұхаметқалиев Қазақстанда жасанды интеллект саласында мамандар даярлау мен жастардың білім алуына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Оның сөзінше, Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылған. Мұнда 12-18 жас аралығындағы балаларға озық білім тегін беріледі. Сонымен қатар жастарға жасанды интеллект пен дизайн бағыттары бойынша білім алуға мүмкіндік жасалған.

Вице-министр Қазақстанда жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір осы тәжірибені еліміздің барлық өңіріне тарату көзделген.

Наверх