Жасанды интеллект көмегімен әлемде алғаш рет жаңа вакцина жасап шығарылды

Жасанды интеллект жасаған жаңа вакцина бірнеше вирус түрінен қорғай алады.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:53
Бүгiн 2026, 15:53
121
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жасанды интеллект медицина саласында жаңа кезеңнің басталуына жол ашуы мүмкін. Кембридж университетінің ғалымдары ЖИ көмегімен толықтай әзірленген вакцинаны адамдарға алғаш рет сынақтан өткізді. Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология бірден бірнеше вирус түрінен қорғап, болашақта жаһандық пандемиялардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ВВС халықаралық жаңалықтары қызметі хабарлады.

Инновацияның мәні неде?

Дәстүрлі вакциналар вирустың нақты бір түрінің генетикалық коды бойынша әзірленеді. Алайда ковид немесе тұмау вирустары өте жылдам мутацияланып, өзгеріп отырады. Осы өзгерістердің кесірінен бұрын жасалған екпелер жаңа штамдарға қарсы қауқарсыз болып, тез ескіреді.

Кембридж тобы мүлдем басқа жолды таңдады:

  • Ғалымдар жабайы табиғаттағы және бақылау бағдарламалары тіркеген ондаған коронавирустардың генетикалық кодтарын жинақтады.
  • Жасанды интеллект бұл мәліметтерді талдап, вирустардың ортақ әрі өзгермейтін тұстарын анықтады.
  • Нәтижесінде AI иммундық жүйеге вирустың кез келген нұсқасын (тіпті болашақта пайда болатын мутацияларды да) тануды үйрететін бірегей «супер-антиген» құрастырып шықты.

Біздің мақсатымыз – бүгінгі вируспен күресу емес, алдағы уақытта пандемия тудыруы мүмкін болашақ қауіптердің алдын алу. Бұл – пандемияға дайындық тұжырымдамасының түбегейлі өзгеруі, – дейді Кембридж университетінің профессоры Джонатан Хини.

Клиникалық сынақтар не көрсетті?

Вакцинаның қауіпсіздігін тексеру мақсатында 39 адам қатысқан алғашқы клиникалық сынақ аяқталды. Оның нәтижелері Journal of Infection журналында жарияланды. Алғашқы әсер «қалыпты» деп сипатталғанымен, бұл нәтиже ғылыми ортада үлкен серпіліс тудырды. Қазір иммундық жауаптың тиімділігін нақтырақ зерттеу үшін 200 адамның қатысуымен екінші кезең басталды.

Саутгемптон университетінің профессоры Саул Фауст бұл технологияның вирустар тез өзгеріп жатқан сыни сәттерде өте тиімді екенін атап өтті.

Дегенмен, Оксфорд вакцина тобының директоры, профессор Энди Поллард зертханалық тышқандар мен өмір бойы түрлі инфекциялармен бетпе-бет келген адамның иммундық жүйесі екі бөлек екенін, сондықтан адамдардағы сынақ нәтижесі басты көрсеткіш болатынын ескертті.

Болашаққа жоспар: тұмау мен Эболаға соққы

Кембридж зерттеушілері тек коронавируспен шектелмейді. Жасанды интеллект платформасының көмегімен қазірдің өзінде келесі бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатыр:

  • Әмбебап маусымдық тұмау екпесі – жыл сайын жаңартуды талап етпейтін вакцина.
  • H5N1 (құс тұмауы) вакцинасы – құстар арасында таралып жатқан вирустың адамдар арасында пандемияға ұласу қаупіне қарсы дайындық.
  • Геморрагиялық қызбаларға (соның ішінде Эболаға) қарсы екпе – қазіргі уақытта Конго Демократиялық Республикасында өршіп тұрған, ресми вакцинасы жоқ вирус штамдарына қарсы зерттеулер.

Ұлттық денсаулық сақтау және қамқорлық зерттеулер институтының ғылыми директоры профессор Мариан Найт бұл жетістікті британдық ғылымның үлкен жеңісі деп атап, AI мен медициналық зерттеулердің интеграциясы болашақта миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізетінін жеткізді.

Жасанды интеллект әзірлеген бұл тәжірибенің сәтті шығуы – вирустардың көптеген түрінен ұзақ уақытқа қорғай алатын вакцина жасау жолындағы үлкен серпіліс болды, – деді профессор.

Жасанды интеллект тек мәтін жазып, сурет салатын құрал ғана емес. Ол алдағы уақытта адамзатты түрлі вирус пен биологиялық қауіптерден қорғауда маңызды рөл атқаратын көмекші болмақ. Ғалымдар пандемиядан кейін мұндай технологиялардың маңызы одан әрі артқанын айтады.

Ендігі мақсат – келесі қауіптерге алдын ала дайын болып, вирустарға қарсы күресте бір қадам алда жүру.

Аида ШАКИБЕКОВА

Наверх