Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

9 Қаңтар 2021, 13:31
2479
Бөлісу:
Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген 200-ге жуық сарбаз Қазақстанның ұлан-байтақ жері мен елін қорғауға салтанатты түрде ант берді.

Ант рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру мәртебесі оқу пунктінің үздік жас сарбазы қатардағы Нұрсұлтан Әбдірахымұлына берілді.

Жас сарбаздар, сіздер бүгін Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылардың қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау - парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз - өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындап антқа адал болу, - деді 28237 әскери бөлімінің командирі подполковник Данияр Қасымов.
Індеттің таралуын болдырмау және оның алдын алу мақсатында жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарының ант қабылдау рәсімін 28237 әскери бөлімінің ресми «Инстаграмм» әлеуметтік парақшасында онлайн режимде тамашалады.

Ант қабылдап, нағыз сарбаз атанған жас жауынгерлер алдағы уақытта Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін иеленетін әскери бөлім жеке құрамының сапында республика көлеміндегі азаматтық қорғаныс саласындағы төтенше жағдайлардың салдарын жою және апат болған жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша түрлі міндеттерді орындайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы