Хоккейшілер әлем чемпионатындағы шешуші матчта элитадан ұшып кетті

6 Қаңтар 2020, 16:39
11404
Бөлісу:
Хоккейшілер әлем чемпионатындағы шешуші матчта элитадан ұшып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хоккейден Қазақстан құрамасы (20 жасқа дейін) жастар арасындағы Әлем чемпионатының элиталық дивизионынан шығып қалды. 

Соңғы шешуші матчта Сергей Старыгин жаттықтыратын еліміздің құрамасы Германияға 6:0 есебімен жеңілді. 

Ойынның алғашқы шайбасын 13-минутта Доминик Бокк салып, бірінші кезең 1:0 есебімен аяқталған еді. Алайда, екінші кезеңнің айналдырған 5 минутында германиялық ойыншылар Владислав Нуректің қақпасына жауапсыз 4 шайба салды. Нәтижелі ойын көрсеткендер: 31-минутта Бокк (дубль), 32-де Тим Флэйшер, 34-те Лукас Райхель және 35-те Никлас Хейнцингер. 

Нақты есеп үшінші кезеңде белгілі болды. Ойынның 56-минутында Эрик Мик 6-шайбаны соғып, Германияға жеңіс әкелді. 

Айта кетейік, Қазақстан мен Германия чемпионат аясында бұған дейін екі рет ойнап үлгерді. Алғашқы кездесуде немістер 4:0 есебімен жеңсе, кейін еліміздің жастары 4:1 есебімен басым түскен еді. Алайда, соңғы шешуші матч 6:0 есебімен аяқталып, сериядағы жалпы есеп - 2:1 болды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы элиталық дивизионда екі жыл бойы ойнап, ақыры ұшып кетті. Келесі жылы еліміздің жастар командасы Бірінші дивизионда Беларусь, Дания, Венгрия, Латвия және Норвегиямен бірге ойнайтын болады. Енді элитада Қазақстанның орнына Австрия жастар құрамасы өнер көрсетеді.

Ал 2020 жылғы жастар арасындағы хоккейден Әлем чемпионатында Канада құрамасы жеңіске жетті. Чехияда өткен финалда олар Ресей командасын 4:3 есебімен ұтты.

Өзгелердің жаңалығы