Жас ғалымдарды қолдауымыз қажет – Алтай Көлгінов

12 Сәуір 2023, 19:37
1474
Бөлісу:
Жас ғалымдарды қолдауымыз қажет – Алтай Көлгінов
Фото: Арман Мухатов

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов ғалымдарды кәсіби мерекесімен құттықтап, алға қойылған мақсат-міндеттерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін – тарихи күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды жинап, ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Сол жерде күн тәртібіндегі ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Ғалымдарымыз өздерінің ұсыныстарын берді. Көптеген проблема көтерілді, - деп айтты Көлгінов.

Оның сөзінше, кеңестің қорытындысы бойынша Президент Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, ғылым саласына ерекше назар аударған.

Президенттің шешіміне сәйкес, былтыр Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылған болатын. Бүгінгі тағы бір жақсы жаңалық – Ғылым академиясына Президенттің жанындағы мәртебесі берілді. Бұл - ерекше мәртебе. Бұл Мемлекет басшысының ғылымға деген қолдауының айрықша көрсеткіші. Енді алдымызда тұрған жұмыс көп. Ғалымдарымыздың еңбектері еліміздің пайдасына асуы үшін атқарылатын жүйелі жұмыс күтіп тұр, - дейді Премьер-министрдің орынбасары.

Көлгінов ЖОО-лардың шетелдік үздік университеттермен серіктестігін арттыру жұмысы басталып кеткенін сөз етті.

Жас ғалымдарды қолдауымыз қажет. Тұрақты немесе нақты қолдау болмағандықтан жас ғалымдарымыз шетелге кетіп жатыр. Керісінше үздік шетелдік тәжірибелерді қайтадан елімізге алып келуіміз қажет. Ғылым саласы, ғалымдарымыздың еңбегі мемлекетіміздің, экономиканың дамуына өзінің оң серпінін тигізуі қажет. Оны бірге атқаруымыз, - деп айтты Үкімет басшысының орынбасары салтанатты жиында.

Өзгелердің жаңалығы