Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) тарифтерінің өсу қарқыны кезең-кезеңімен баяулайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме бойынша өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, коммуналдық қызмет тарифтері инфляцияға бірнеше бағытта әсер етеді. Біріншіден, олар тұтыну бағалары индексіне тікелей кіреді.
Екіншіден, электр энергиясы, жылу және су бағасының өсуі кәсіпкерлердің шығынын арттырып, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына ықпал етеді.
Сонымен қатар тарифтер халықтың инфляциялық күтулеріне де әсер етеді.
Адамдар коммуналдық қызметтерге төленетін түбіртектегі соманың өскенін көргенде, инфляция жоғары деңгейде қалады деп ойлайды. Сондықтан ТКШ тарифтері халықтың инфляциялық күтулерін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі болып отыр, – деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк тарифтердің өсуіне қатысты ортақ формуланы бекіткен.
2026 жылы коммуналдық қызмет тарифтері инфляция деңгейінен ең көбі 5 пайыздық тармаққа жоғары өседі. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш инфляциядан 3 пайыздық тармақтан аспайды.
2028 жылдан бастап тарифтердің өсімі инфляция деңгейінен жоғары болмауы тиіс.
Ұлттық банк төрағасы мұндай болжамдылық инфляциялық күтулерді төмендетуге және тарифтердің баға өсіміне ықпалын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Тарифтердің қандай тәртіппен өсетіні алдын ала белгілі болғандықтан, бұл инфляциялық күтулерді едәуір төмендетуі тиіс. Сондықтан жоспарланған шаралардың нақты орындалуы өте маңызды, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Сүлейменов жаз мезгілінде көкөніс пен жеміс-жидек бағасының маусымдық арзандауы инфляцияның баяулауына ықпал етуі мүмкін екенін айтқан болатын.