Жақып Асанов Алжир елшісімен кездесті

4 Сәуір 2023, 17:52
1036
Бөлісу:
Жақып Асанов Алжир елшісімен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Алжир Халық Демократиялық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Камал Фенишпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде Жақып Асанов дипломатқа екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы нәтижелі қызметі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Сенатта Қазақстан мен Алжирдің парламентаралық өзара іс-қимылын күшейтуге арналған Алжирмен достық тобын құру жөнінде жұмыс қолға алынғанын атап өтті.

Алжир Қазақстан үшін Мағриб елдеріндегі және араб әлеміндегі сенімді әрі сындарлы серіктестердің бірі. Бүгін екіжақты қатынастар нәтижелі дамып, сапалы жаңа деңгейге шықты. Бұл ретте ынтымақтастықтың аясын нақты істермен кеңейтіп, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қолға алудың маңызы зор. Алдағы уақытта заң шығарушы органдар арасында екіжақты байланыспен бірге Парламентаралық Одақ және ИЫҰ Парламенттік Одағы сияқты халықаралық алаңдар аясындағы қатынасқа да қарқын береміз деп сенеміз. Жуық арада достық топтарының жаңа құрамын қалыптастырамыз. Бұл – біздің парламентаралық байланысымызға тың серпін беретін қадам, – деді Жақып Асанов.

Кездесу барысында Сенат Төрағасының орынбасары Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды іске асыру барысына тоқталып, оларды заңнамалық қамтамасыз ету – Парламент жұмысындағы негізгі басымдық екенін атап өтті.

Сұхбат соңында тараптар Қазақстан мен Алжир арасындағы серіктестікті кеңейтіп, барлық мүдделі салада өзара байланысты одан әрі дамытуға сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы