Токио қаласында (Жапония) Азия даму банкінің институты ұйымдастырған «Инвесторлар мен мемлекеттер арасындағы дауларды реттеу тетіктерін (ISDS) институционализациялау және медиация жүйелерін нығайту» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтіп жатыр.
Шараға Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің делегаттары, соның ішінде Корея, Армения, Өзбекстан, Филиппин, Бруней, Бангладеш, Моңғолия және Қырғызстан өкілдері, сондай-ақ ЮНСИТРАЛ мен ХКАС сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері және медиация, арбитраж және инвестициялық құқық саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы инвесторлардың құқығын қорғау бойынша қазақстандық тәжірибені таныстырып, инвестициялық дауларды реттеудің жаңа тетіктерін енгізу туралы ақпарат берді.
Бүгінгі диалог инвестициялық дауларды реттеу саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға арналған маңызды халықаралық алаңға айналды. Біз үшін бұл кездесуде инвесторлардың құқығын қорғауда Қазақстанның медиацияны қолдану тәжірибесін таныстыру ерекше маңызды. Бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалды қорғаудың заманауи әрі тиімді тетіктерін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын көрсетеді, – деді Бауыржан Ералы.
Диалогқа қатысушылар инвестициялық саладағы қақтығыстарды азайту және құқықтық ортаның болжамдылығын арттыруда медиацияның тиімді құрал ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, инвестицияларды қорғау тетіктерін жетілдіру және дауларды реттеудің тұрақты жүйелерін дамыту үшін халықаралық тәжірибе алмасудың маңызы ерекше екені айтылды.