Жапония елдің солтүстігінде тұтанған орман өрттерін ауыздықтау үшін 1 400 өрт сөндіруші мен Өзін-өзі қорғау күштерінің 100 әскери қызметкерін жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, Иватэ префектурасындағы Оцути қаласы маңында тұтанған өрт бесінші күн қатарынан жалғасып, жағалаудағы елді мекеннің тұрғын үйлеріне қауіп төндіріп отыр.
26 сәуір таңындағы жағдай бойынша, тілсіз жау 1 373 гектар аумақты шарпыған. Соңғы бір тәулікте өрт аумағы шамамен 7 пайызға ұлғайған.
Билік шешімімен 1 541 үй шаруашылығынан 3 233 адам эвакуациялануда. Бұл – Оцути халқының шамамен үштен бірі.
Қала әкімі Кодзо Хирано өртті сөндіруге құрғақ ауа райы мен жел кедергі келтіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, Өзін-өзі қорғау күштері тікұшақтар арқылы әуеден су төгуде, алайда әзірге өрттің таралуын толық тоқтату мүмкін болмай тұр.
Жапонияның Өрт және табиғи апаттармен күрес агенттігінің мәліметінше, қазіргі өрт салдарынан бір адам зардап шеккен – ол құлап, жеңіл жарақат алған.
Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз, тергеу жүргізіліп жатыр. Синоптиктердің болжамынша, 26–27 сәуір күндері өңірде жаңбыр жаумайды, ал 28 сәуірде қысқа мерзімді жауын-шашын болуы мүмкін.