Архивтегі революция: Жасанды интеллект тарихты қалай цифрландыруда?

Астанада III Архившілер конгресі мен Digital Archive Expo халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады.

Бүгiн 2026, 14:22
АВТОР
 Арман Мухатов  ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 14:22
Бүгiн 2026, 14:22
221
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Іс-шараға әлемнің 30 елінен 500-ден астам маман жиналып, архив саласындағы цифрландыру, жасанды интеллект технологиялары және құжаттарды сақтаудың заманауи тәсілдерін талқылауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конгрестің ашылуында ұйымдастырушылар биылғы жиынның маңызы ерекше екенін атап өтті. Өйткені шара 9 маусым – Халықаралық архивтер күніне орай өткізіліп отыр.

Қазақстанда биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғандықтан, конгрестің негізгі тақырыптары да осы бағыттармен сабақтас. Конгресс аясында Жас архившілер мектебі, ЮНЕСКО семинары, «Мұра» сарапшылар клубының отырыстары және кәсіби воркшоптар ұйымдастырылмақ Сондай-ақ бүгін халықаралық Digital Archive Expo көрмесі ашылып отыр. Онда архив саласындағы заманауи цифрлық шешімдер мен инновациялық технологиялар ұсынылған,- деді Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Архивке арналған жасанды интеллект шешімдері таныстырылды

Көрменің басты ерекшеліктерінің бірі – архив қызметін жеңілдетуге арналған цифрлық жобалар.

Солардың бірі – архив материалдары негізінде автоматты түрде көрме дайындайтын жүйе. Жобаны Президент архивінде өндірістік тәжірибеден өткен Astana IT University студенттері әзірлеген.

Әлішер Бағыттың айтуынша, жүйе фотосуреттерді, мәтіндерді және архив құжаттарын талдап, көрмеге арналған дайын презентациялық материал қалыптастырады.

Пайдаланушы қажетті материалдарды жүктеп, параметрлерді таңдайды. Осыдан кейін жүйе көрмені нақты сұранысқа сай автоматты түрде дайындайды. Біз бұл жобаларды екі айлық өндірістік тәжірибе барысында әзірледік, – деді ол.

Сонымен қатар оқушыларға арналған интерактивті тест платформасын таныстырды. Жоба балалардың тарих пен архив ісіне қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Құжаттарды бірнеше секундта сараптайтын AI көмекші

Көрмеде ұсынылған тағы бір маңызды жоба – Qural AI Assistant жасанды интеллект көмекшісі.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің жетекші сарапшысы Әбілхайыр Болатбаевтың айтуынша, жүйе архивтік тізімдемелерді автоматты түрде сараптауға мүмкіндік береді.

Бұрын архив қызметкері нормативтік-құқықтық актілер мен ұйым құжаттарын қолмен тексеріп, сараптамалық қорытынды дайындауға бірнеше сағат немесе бірнеше күн жұмсайтын. Қазір бұл жұмысты жүйе бірнеше секунд ішінде орындап, сараптамалық қорытындының жобасын әзірлеп береді, - деді сарапшы.

 

Дегенмен ол жасанды интеллект маманның орнын баспайтынын атап өтті.

Түпкілікті шешімді әрдайым адам қабылдайды. Біздің мақсатымыз – архив қызметкерлерін қағазбастылықтан босатып, олардың уақытын талдау мен зерттеу жұмыстарына көбірек бағыттау, – деді Болатбаев.

Кітапханалар да цифрлық форматқа көшіп жатыр

Көрмеде архив саласымен қатар кітапхана жүйесіндегі цифрлық шешімдер де ұсынылды.

Алматы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Әйгерім Нұрдәулетқызының айтуынша, бүгінде Алматы қаласында 32 өзіне-өзі қызмет көрсету аппараты жұмыс істейді.

Олар метро станцияларында, сауда орталықтарында, комьюнити және коворкинг орталықтарында орналасқан.

Оқырман кітапханаға бір рет тіркеліп, оқырман билетін алады. Кейін QR-код немесе арнайы карта арқылы аппараттарды пайдалана алады. Ең бастысы – кітапты бір жерден алып, оны қаланың басқа ауданындағы аппаратқа немесе кітапханаға қайтаруға мүмкіндік бар, - дейді кітапханашы.

Мамандардың пікірінше, мұндай технологиялар кітап пен архив құжаттарына қолжетімділікті арттырып қана қоймай, мәдени мұраны сақтаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады.

Үш күнге созылатын конгресс барысында халықаралық сарапшылар архив ісінің болашағы мен жасанды интеллекттің осы саладағы рөлін талқылайды.

Наверх