Жапония БҰҰ қолдаған жаңа әлем картасына қатысты наразылық білдірді

Жапонияда «Солтүстік аумақтар» деп аталатын даулы аралдар картада Ресей аумағымен бір түсте берілген.

 depositphotos.com 11 Қыркүйек 2026, 05:19
11 Қыркүйек 2026, 05:19
118
Фото: depositphotos.com

Жапония билігі Equal Earth проекциясы негізіндегі жаңа әлем картасында даулы Куриль аралдарының Ресеймен бір түсте көрсетілуіне байланысты картаны жасаушылардан оны түзетуді талап етті. Бұл туралы Жапония үкіметінің бас хатшысы Минору Кихара мәлімдеді.

Кихараның айтуынша, картадағы белгілеу Жапония үкіметінің ресми ұстанымына қайшы келеді. Токио дипломатиялық арналар арқылы картаны жариялаған сайт операторына наразылық білдіріп, тиісті өзгеріс енгізуді сұраған.

The Guardian газетінің жазуынша, Жапонияда «Солтүстік аумақтар» деп аталатын даулы аралдар картада Ресей аумағымен бір түсте берілген. Токио бұл аумақтарға қатысты өз ұстанымы жөнінде қате түсінік қалыптасуына жол бермеу қажет деп санайды.

4 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы дәстүрлі Меркатор проекциясының орнына құрлықтардың көлемін дәлірек көрсететін Equal Earth проекциясын кеңінен қолдануды қолдайтын қарар қабылдады. Құжатты 164 мемлекет қолдап, АҚШ қарсы дауыс берді, ал алты ел қалыс қалды. Жапония қарарды қолдаған мемлекеттердің қатарында болды.

Жапония тарапы БҰҰ қарары нақты бір картаны немесе сайтты мақұлдамайтынын, тек Equal Earth проекциясын пайдалануды ынталандыратынын атап өтті.

Бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасында құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін картографиялық проекцияларды қолдануға шақыратын қарарды мақұлдағанын жазғанбыз.

Наверх