АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыста жаңа шиеленіс кезеңі басталды. Америкалық әскерилер бес ирандық мұнай танкерін жойғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Тегеран Иорданиядағы америкалық әскери базаға баллистикалық зымырандар ұшырылғанын және АҚШ-тың әскери әрі сауда кемдеріне шабуыл жасалғанын хабарлады.
АҚШ бес ирандық танкерді жойған
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, америкалық әскери күштер сейсенбі күні шикі мұнай тасымалдаған бес ирандық танкерді жойған.
Вашингтонның нұсқасы бойынша, бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) америкалық әскери кемеге баллистикалық зымырандармен екі рет шабуыл жасауға әрекеттенген.
АҚШ әскери күштері кеменің шабуылдардан жалтарып, аймақта патрульдеуін жалғастырғанын хабарлады. Америкалық әскери қызметшілер арасында зардап шеккендер жоқ.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран америкалық әскери кемелерге шабуыл жасау әрекетін жалғастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай әрбір жағдайға жауап ретінде Иранның мұнай танкерлеріне қарсы шаралар қабылданады.
Иран америкалық базаға соққы жасағанын мәлімдеді
КСИР Иорданиядағы Әл-Азрак америкалық әскери базасына баллистикалық зымырандармен шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Иран тарапы зымыран соққысы нысанға елеулі залал келтіргенін айтқан. Ал Иордания билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 20 зымыранның 18-ін ұстап қалғанын хабарлады. Қалған екі зымыран адам тұрмайтын жерге құлаған.
Иордания тарапының мәліметінше, шабуылдан зардап шеккендер жоқ.
Сонымен қатар КСИР АҚШ-тың екі эсминецін де нысанаға алғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратты АҚШ әскери қолбасшылығы растаған жоқ.
Иран тағы да кемелерге шабуыл жасалғанын хабарлады
АҚШ бес танкерді жойғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін КСИР АҚШ-тың екі сауда кемесі мен тағы сегіз мұнай танкеріне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Иран тарапы кемелердің Ормуз бұғазы маңында болғанын айтқан. Бұл мәлімдемелер әзірге тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
Бұдан бөлек, теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөз Хор-Факкан портында сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын танкердің зақымданғанын хабарлады. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз.
Мұнай бағасы да өсті
Қақтығыстың қайта шиеленісуі әлемдік мұнай нарығына да әсер етті.
Иорданияға жасалған зымыран шабуылы туралы ақпараттан кейін Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне шамамен 1 долларға қымбаттады. Алайда баға 100 долларлық межеден төмен қалды.
Нарықтағы негізгі алаңдаушылықтың бірі – Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалының бұзылу қаупі. Бұл – әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ саудасы үшін аса маңызды теңіз жолдарының бірі.
Қақтығыс ауқымы кеңейіп барады
АҚШ пен Иран арасындағы текетірес аясында Тегеран қолдайтын Йемен хуситтері Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі төрт қалаға соққы жасаған.
Сауд Арабиясы билігінің мәліметінше, шабуылдардан 70-тен астам адам зардап шегіп, мұнай нысандарында өрт шыққан.
Иран сонымен қатар Кувейт пен Бахрейн порттарындағы танкерлерге шабуыл жасайтынын айтып, кемелер экипаждарын оларды тастап кетуге шақырды.
Соңғы күндері салыстырмалы тыныштық кезеңінен кейін АҚШ пен Иран қайтадан бір-біріне соққы жасауды күшейтті. Сонымен қатар Вашингтон Тегеранға санкциялар арқылы қысымды арттырып жатыр.
Бұған дейін КСИР Ормуз бұғазы маңында америкалық суасты аппаратын басып алғанын мәлімдеген еді. Кейін АҚШ әскери қолбасшылығы АҚШ пайдаланған суасты дронында техникалық ақау болғанын растады.
Америкалық тараптың мәліметінше, аппарат су астындағы аумақты зерттеу үшін қолданылған және құпия ақпарат жинамаған.