БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасында құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін картографиялық проекцияларды қолдануға шақыратын қарарды мақұлдады.
DW порталының мәліметінше, құжатты 164 мемлекет қолдап, АҚШ қарсы дауыс берді, тағы алты ел қалыс қалды.
Того мен Африка Одағы ұсынған бастама халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді Equal Earth картографиялық проекциясын кеңінен пайдалануға үндейді. Бұл проекция құрлықтардың аумағын дәстүрлі Меркатор картасына қарағанда нақтырақ көрсетеді. Мәселен, онда Африканың көлемі айтарлықтай үлкен болып көрінеді.
Меркатор проекциясы XVI ғасырда картограф Герард Меркатор тарапынан теңіз навигациясына арналып жасалған. Оның ерекшелігі – экватордан алыстаған сайын аумақтардың көлемі қатты бұрмаланып, жоғары ендіктердегі елдер мен құрлықтар шын мәніндегі көлемінен үлкен болып көрінеді.
«Карталар біздің әлем туралы түсінігімізді қалыптастырады. Бірақ олар ешқашан бейтарап емес», – деді Того Сыртқы істер министрі Роберт Дюссе БҰҰ Бас Ассамблеясында.
Equal Earth проекциясы 2018 жылы жасалған. Онда құрлықтардың ауданы нақты арақатынасына барынша жақын көрсетіледі. Соның нәтижесінде Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия мен Океания дәстүрлі әлем карталарындағыдан ірірек бейнеленеді.