Қазақстанда урбанизация үдерісі қарқын алып келеді. Жыл басынан бері елдің ірі қалаларына мыңдаған адам қоныс аударған. Соның ішінде Астанаға 6 айда 32 665 адам көшіп келген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ел ішінде ең көп көшіп-қону Алматы, Түркістан облысы, Астана және Алматы облысында тіркелген.
2026 жылдың қаңтар-маусымында ел ішінде ең көп көшіп кетушілер саны Алматы қаласында – 65 182 адам, Түркістан облысында – 57 591 адам, Астана қаласында – 57 188 адам, Алматы облысында – 51 279 адам тіркелді, – деді Ұлттық статистика бюросының Халық статистикасы және халық санағы басқармасының жетекшісі Дархан Атақұлов.
Мамандардың айтуынша, ішкі көші-қонның негізгі себептерінің бірі – сапалы білім алу, тұрақты жұмыс табу және өмір сүру жағдайын жақсарту. Ауыл мен қала арасындағы экономикалық және инфрақұрылымдық айырмашылық та тұрғындардың ірі қалаларға бет бұруына әсер етіп отыр.
Қазақстан халқының 60%-дан астамы бүгінде қалаларда тұрады. Әсіресе Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерге ағылған халық саны артып келеді.
Алайда халықтың жылдам өсуі қалалардың инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіреді. Мектептердегі орын тапшылығы, тұрғын үйге сұраныстың артуы, медициналық қызметке түсетін жүктеме және коммуналдық инфрақұрылым мәселелері өзекті болып отыр.
Демографтардың пікірінше, үлкен қалаға көшетін азаматтардың санының артуы – ең алдымен өмір сапасын жақсартуға деген ұмтылыстың көрінісі. Әсіресе жастар арасында білім мен жұмыс мүмкіндігі мол қалаларға қызығушылық жоғары.
Сарапшылар урбанизация үдерісін тиімді басқару үшін ірі қалалардың инфрақұрылымын дамыту және өңірлердегі шағын қалаларға инвестиция тарту маңызды екенін атап өтеді.