Атырауда екі жасөспірім бір мопедке мініп, қала орталығында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Олар полицияның тоқтау туралы заңды талабына да бағынбай, болған жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге контент ретінде жариялаған. Бұл деректі BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген Атырау облысы Полиция департаменті растады.
Оқиға 6 қыркүйекте Атырауда болған. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Сәтбаев даңғылы бойында мопед басқарған екі адамның жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталған.
Полиция қызметкерлері оларды тоқтатуға әрекет жасағанымен, жасөспірімдер талапқа бағынбаған. Осылайша тәртіп бұзушылардың артынан полиция қуған. Қуғын сәтін де олар видеоға түсіріп отырған.
Тексеру кезінде мопедті басқарған адамның кәмелетке толмағаны анықталды. Бұдан бөлек, оның көлік құралын басқаруға арналған жүргізуші куәлігі болмаған.
Жасөспірімдердің ата-анасы жауапқа тартылды
Атырау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдердің заңды өкілдері полицияға шақырылған.
Нәтижесінде жасөспірімдерге қатысты көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу және көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның көлік басқаруы бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар екі жасөспірім де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды. Полиция олардың тәртібі мен жүріс-тұрысын тұрақты бақылауда ұстайды.
Полиция ата-аналарға ескерту жасады
Құқық қорғау органдары полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау жай ғана тәртіпсіздік емес екенін ескертті.
Мұндай әрекет ауыр жол-көлік оқиғасына, адам өліміне және орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, – деп атап өтті полиция.
Ведомство ата-аналарды балаларының көлік құралдарын заңсыз басқаруына жол бермеуге шақырды. Кәмелетке толмағандардың заң бұзушылықтары үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне де заңнамада көзделген жауапкершілік қарастырылған.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қауіпті әрекеттерді әлеуметтік желіге контент жасау үшін қайталамауға шақырды.
Тағы оқи отырыңыз: Астана-Қарағанды тасжолындағы сұмдық сәтті камера түсіріп алды: Жолаушы қаза тапты
Тараздағы жұмбақ өлім: Ер адамды аяусыз ұрып-соғып, өз көлігімен ауруханаға әкелген