Жапон халқы осы жазда Токио Олимпиадасын өткізуге қарсы

25 Қаңтар 2021, 17:29
1856
Бөлісу:
Жапон халқы осы жазда Токио Олимпиадасын өткізуге қарсы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапондардың 80%-дан астамы коронавирустық пандемия кезінде Олимпиада өткізуге қарсы, деп жазды Euronews.

Мұны соңғы уақытта жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы дәлелдейді. Асахи басылымының қаңтардағы зерттеуіне сәйкес, Жапония бойынша респонденттердің 51%-ы жарысты кейінге қалдыруды, 35%-ы оларды мүлдем өткізбеуді талап етіп отыр. Токио тұрғындарының арасындағы сауалнамаға сүйенсек, 39%-дан астам халық іс-шараның өтуіне мүлдем қарсы.

Оппозициялық топтар да Премьер-министрді жазға арналған жоспарларды қайта қарауға шақырады. Жапония Коммунистік партиясының жетекшісі Кадзуо Сии олимпиадаға қатысушы елдердің барлық жанкүйері жарыс басталғанға дейін коронавирусқа қарсы вакцина алмайтынына сенімді. 

Шілде айына дейін бүкіл жапон халқының өзін вакцинамен қамтамасыз ету мүмкін емес, - дейді инновациялық Партияның жетекшісі, Осака префектурасының губернаторы Итиро Мацуи.

Олимпиада өткізуді жапондық спортшылардың басым көпшілігі қолдап отырған жоқ. Біріншіден, спортшылар елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауынан және өздері үшін де, жанкүйерлер үшін де ауру қаупінің жоғарылауынан қорқады. 

Өткен жылы ойындарды өткізуге Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығы мүшелерінің 80%-ы қарсы болған еді.

Бүгінгі таңда көптеген адам бос стадионда өнер көрсеткісі келмейтінін айтып, жарыс уақытын өзгертуді жақтауда. Бұл жағдайда ұйымдастырушылар билет сатылымынан түсетін 869 миллион доллар шығынға батуы мүмкін.

Мемлекеттік ақпарат көздеріне сүйенсек, билік наурыз айының соңына дейін ойын форматы туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Олимпиадалық алау эстафетасы 25 наурызға жоспарланған.

2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамыз аралығында өтуі тиіс Олимпиада ойындары COVID-19 жағдайына байланысты 2021 жылдың 23 шілде – 8 тамыз аралығына ауыстырылған болатын. 

Билік Токиода төтенше жағдай режимін енгізгеннен кейін ойындардың мүлдем өтпеуі жайлы түрлі қауесеттер пайда болды. Жапон Үкіметіндегі анонимді дереккөз Англияның «Таймс» газетіне: «Ешкім бірінші болып мойындағысы келмейді, бірақ бәрі ойын өткізудің өте қиын екендігімен келіседі», - деп хабарлаған.

Халықаралық Олимпиадалық комитет спорттық іс-шарадан бас тартпайтындықтарын айтты. 

Жұма күні ел билігі ресми мәлімдеме жасап, онда Жапония, ХОК және Халықаралық паралимпиада комитеті «жазғы жарыстар дайындығына көңіл бөлуде» деп көрсетілген. 

Айта кетейік, Токио қазірдің өзінде Олимпиаданы ұйымдастыруға 25 миллиард доллар жұмсады.

Өзгелердің жаңалығы