Жаңбыр мен қар, көктайғақ: Бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды

Тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жолда және ашық аумақта қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріледі.

 depositphotos.com 5 Қараша 2026, 02:34
5 Қараша 2026, 02:34
146
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның бірнеше облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Қатты жаңбыр, жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, тұман, көктайғақ және секундына 28 метрге дейін жететін жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында қатты жаңбыр жауып, желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Кей өңірлерде найзағай мен шаңды дауыл болжанады.

Ақтөбе облысында 6 қарашаға қараған түні және күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ күтіледі. Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында да қатты жауын-шашын болуы ықтимал.

Сонымен қатар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ бірқатар өңірдің қалаларында тұман түседі деп болжануда.

Бұдан бөлек, Алматы, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау және басқа да облыстарда өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады.

Тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жолда және ашық аумақта қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріледі.

Наверх