Жаңартылатын энергия. Ел шаруалары Германия тәжірибесін меңгереді

22 Наурыз 2023, 18:18
1961
Бөлісу:
Жаңартылатын энергия. Ел шаруалары Германия тәжірибесін меңгереді

Еліміздің бірнеше өңірінен жиналған топ шаруа немістің жаңартылатын энергия көздерін игерудегі тәжірибесін үйренеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, фермерлер биогаз, қолданбалы ғылым, жаңартылатын энергия көздері енгізілген ауылдарды аралап, су үнемдеу, құрғақшылықтан қорғануды меңгерген ғылыми орталықтарға барады.

Шағын фермерлік қожалықтарда жаңартылатын энергия көздері мен ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жоба аясында қазақстандық пилоттық шаруашылықтардың иелері Германияның Мюнхен қаласына келді.

Шынымды айтсам, армандаған да жоқпын. Осы жобаға қатысу арқылы Германиядан бір-ақ шықтым. Қуаныштымын. Бұл ел – жаңартылатын энергия көздері әлдеқайда дамыған мемлекеттің бірі. Қаларының арасындағы тасжолдың бойында күн панельдерін көрдік. Өте көп екен. Содан-ақ қаншалық алға кеткенін аңғаруға болады. Сондықтан немістің тәжірибесін меңгеріп, шаруашылығымызда пайдаланатынымызға сенімдімін, – деп бөлісті ойын шығысқазақстандық фермер Татьяна Поспелова.

Шаруалардың сапары Вайенштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры, Cowenergy жобасын жүргізуші-ғалым Штумпенхаузенмен кездесуден бастап, Huabahof фермасымен танысады. Сонымен қатар биогаз қондырғысы бар компанияның жұмысын көріп, ауыл шаруашылығындағы жаңартылатын энергия көздері енгізілген Вольпертсхаузен ауылына барады.

Германияда электр энергиясын табиғаттан өндіру статистикасы да күн сайын жаңарып тұрады. Ел күнделікті деректерді жариялайды. Жобаның халықаралық сарапшысы Динкалакер Йорг шаруаларға соңғы деректерді ұсынды. Оның мәліметінше, Германия электр энергияның 16 пайызын жел арқылы, 13 пайызын күннен, 12 пайыз биомассадан алған. Бұл көрсеткіштер күнделікті өзгеріп отырады. Егер жер қарқыны жақсы болса, елдің күнделікті тұтынатын энергиясының 50 пайызына дейін желден алады. Маманның айтуынша, сол себепті бұл салады озық шыққан елдің тәжірибесі шаруалар үшін маңызды.

Германия жаңартылатын энергия көздерін пайдалануда ілгері кетті. Әсіресе, ауыл шаруашылығында тиімділігін арттырған бірегей елдердің қатарында. Сол себепті бұл сапар қазақстандық фермерлер үшін таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз, – деді Динкалакер Йорг.

Бұдан бөлек фермерлер су үнемдеуде көш бастап тұрған Landwirtschaftsamt ауылшаруашылық компаниясының қызметімен танысып, Бау-бақша кәсіпорындарына арналған суару қауымдастығының атқарып жатқан жұмысын зерделейді.

Жобаны Жапонияның қаржылай қолдауымен ҚР Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырып жатқанын айта кетейік. Пилоттық жоба аясында қазақстандық 10 шаруашылыққа ЖЭК пайдаланатын құрылғылар орнатылды. Сонымен қатар бірқатар өңірде фермерлер үшін ЖЭК маңызы мен тиімділігіне арналған тренингтер өтті.

Өзгелердің жаңалығы