Жанармай импортының артында не тұр: Қазақстан 30 млрд теңгені қалай үнемдемек?

Қазақстанда бензин өндірісі артып, мұнай өңдеу зауыттары рекордтық көрсеткішке жеткенімен, дизель мен авиациялық отын импортына қажеттілік сақталып отыр.

5 Қараша 2026, 12:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 5 Қараша 2026, 12:30
5 Қараша 2026, 12:30
58
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан 2026 жылы Ресейден мұнай өнімдерін баж салығынсыз жеткізу режимін сақтау арқылы шамамен 30 млрд теңге үнемдеуді көздеп отыр. Келісім отандық мұнай өңдеу зауыттары өндіріс көлемін арттырғанға дейін елдің дизель отыны мен авиациялық керосинге деген қосымша қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Ресейден қанша жанармай сатып алынады, қосымша импорт не үшін қажет және бажсыз режим ішкі нарыққа қалай әсер етеді? Осы жәнге өзге де сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

Қазақстан 30 млрд теңгені неден үнемдейді?

Қазақстанда Ресеймен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің қолданысын қайта жаңғырту мақұлданды. Құжат Ресейден әкелінетін жанармайға қатысты бажсыз режимді сақтауды көздейді.

Құрылтайда келісімді қарау кезінде ұсынылған есеп бойынша, 2026 жылы шамамен 30 млрд теңгені үнемдеуге болады.

Оның ішінде дизель отыны бойынша 15,75 млрд теңге, авиациялық отын бойынша 8,61 млрд теңге, ал бензин бойынша 5,59 млрд теңге үнемделмек.

Бажсыз режим Ресейден мұнай өнімдерін экспорттық кедендік баж төлемей жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл импорт кезінде қосымша шығындардың туындамауына жағдай жасайды.

Энергетика министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында келісімнің Қазақстан нарығы үшін маңызын түсіндірді.

Баж салығынсыз режимнің сақталуы ЕАЭО аясында мұнай өнімдерін экспорттық кедендік баж төлеуге байланысты қосымша шығындарсыз жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнай өнімдерінің бажсыз импорты Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы бағаның қалыптасуына әсер етеді. Атап айтқанда, қосымша кедендік шығындардың болмауы импортталатын өнімнің құнын төмендетуге және мұнай өнімдерінің жеткілікті көлемде ұсынылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деп түсіндірді ведомство.

Демек, күтіліп отырған үнемделетін сомма қолданыстағы жеткізу шарттарын сақтау және қосымша кедендік шығындардан босатылу есебінен қалыптасады.

Қазақстан Ресейден жанармайды не үшін сатып алады?

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан автомобиль бензиніне деген қажеттілікті негізінен отандық өндіріс есебінен өтейді. Ал дизель отыны мен авиациялық керосин бойынша қосымша импортқа қажеттілік бар.

Қазір Қазақстанның автомобиль бензиніне деген қажеттілігі негізінен өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар дизель отыны мен авиациялық отынды қосымша импорттау қажеттілігі бар. Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде, сондай-ақ жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты дизель отынын тұтыну айтарлықтай өседі, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, Қазақстанның авиациялық отынға деген қажеттілігі 2026 жылы 1,2 млн тоннаға жетеді.

Бұл ретте қазақстандық жолаушылар әуе компаниялары мен Қарулы күштердің қажеттілігі отандық ресурстар есебінен толық қамтамасыз етіледі.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да қосымша жанармай сатып алудың себептерін түсіндірді.

Дизель отынын импорттау маусымдық сипатқа ие. Ал авиациялық отын импорты жолаушылар және жүк әуе тасымалы көлемінің озық қарқынмен өсуіне байланысты. Сондай-ақ 2017 жылдан бері авиакеросин өндірісі екі еседен астам артқанын атап өткен жөн, – деп толықтырды компания өкілдері.

Қазақстан Ресейден қанша жанармай импорттайды?

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ редакциясына 2024-2025 жылдардағы және 2026 жылдың тоғыз айындағы Ресейден мұнай өнімдерін әкелу статистикасын ұсынды.

Ведомствоның ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанға 39,4 мың тонна дизель отыны, 131,1 мың тонна авиациялық отын және 712,3 тонна бензин әкелінген.

2025 жылы бұл көрсеткіштер дизель отыны бойынша 38,7 мың тоннаны, авиациялық отын бойынша 230,6 мың тоннаны, ал бензин бойынша 95 тоннаны құрады.

Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елге 43,7 мың тонна дизель отыны, 70,3 мың тонна авиациялық отын және 107 тонна бензин импортталған.

Мемлекеттік кірістер комитеті Ресейден мұнай өнімдерін әкелу кезінде қандай салық төлемдері қолданылатынын да түсіндірді.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында қосылған құн салығы мен акциздер Қазақстан заңнамасына сәйкес есептеліп, төленеді.

Бензин мен дизель отынына салынатын акциз мөлшерлемелері Үкіметтің 2025 жылғы 5 желтоқсандағы №1049 қаулысымен реттеледі.

Осылайша, бажсыз режим экспорттық кедендік баждарға қатысты қолданылады. Бұл заңнамада көзделген салық міндеттемелерінен босатады дегенді білдірмейді.

«ҚазМұнайГаз» Ресейден қанша жанармай сатып алады?

Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдерінің көлемі туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да жеке мәлімет ұсынды.

ҚМГ өкілдерінің BAQ.KZ-ке хабарлауынша, импорт Қазақстан Үкіметінің тапсырмалары негізінде жүзеге асырылады.

Компания дерегіне сәйкес, 2024 жылы Ресейден 21 мың тонна АИ-92 маркалы бензин, 129 мың тонна дизель отыны және 193 мың тонна авиациялық отын сатып алынған.

2025 жылы компания 391 мың тонна дизель отыны мен 366 мың тонна авиациялық отын импорттаған. Бұл кезеңде АИ-92 маркалы бензин сатып алынбаған.

Ал 2026 жылдың тоғыз айында КМГ Ресейден 310 мың тонна дизель отыны мен 237 мың тонна авиациялық отын жеткізген. Бензин импорты бұл кезеңде де жүзеге асырылмаған.

«ҚазМұнайГаз» өкілдері Қазақстанға мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі тәуелсіз трейдерлер мен ресурс иелері арқылы жеткізілетінін нақтылады.

Компания контрагенттермен жасалған келісімшарттардағы баға коммерциялық құпияға жататындықтан, сатып алу құнын жарияламайды.

Қазақстан отандық жанармай өндірісін арттырып жатыр

Импортпен қатар Қазақстан мұнай өңдеу көлемін де ұлғайтып келеді.

«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, 2025 жылы еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауытында 17,464 млн тонна мұнай өңделген. Компания бұл көрсеткішті тарихи рекорд деп атады.

2024 жылы мұнай өңдеу көлемі 16,791 млн тоннаны құраған болатын.

2025 жылы ең көп мұнай Шымкент мұнай өңдеу зауытында өңделді. Кәсіпорынның көрсеткіші – 6,228 млн тонна. Павлодар мұнай-химия зауытында 5,765 млн тонна, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 5,471 млн тонна мұнай өңделген.

Негізгі мотор отындарының өндірісі де артқан.

ҚМГ дерегіне сәйкес, 2025 жылы үш зауытта 5,742 млн тонна бензин өндірілген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,345 млн тонна болған.

Дизель отынының өндірісі 5,291 млн тоннадан 6,137 млн тоннаға дейін өсті.

Ал авиациялық отын өндірісі 2025 жылы 726 мың тоннаны құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 744 мың тонна болған.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында үш зауытта 4,434 млн тонна бензин, 4,812 млн тонна дизель отыны және 671 мың тонна авиациялық отын өндірілген.

Мұнай өңдеу қуаты 27,7 млн тоннаға дейін ұлғаяды

Қазақстанда қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын кеңейту жобалары да жүзеге асырылып жатыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

Қазір мұнай өңдеу көлемін жылына 18 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін ұлғайту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде өндірістік қуаттарды кеңейту аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын екі кезең бойынша 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру көзделген. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды екінші реттік өңдеу қуатын жылына 0,7-1,2 млн тоннаға ұлғайту немесе шикізат өңдеу көлемін 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады министрлік.

«ҚазМұнайГаз» өкілдерінің нақтылауынша, зауыттарды кеңейту жұмыстары 2030-2031 жылдарға дейін жалғасады.

Автомобиль бензиніне қатысты импорт қажеттілігі жоқ. Үш мұнай өңдеу зауытының қуатын кеңейту ішкі тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге бағытталған, – деп хабарлады ҚМГ.

Сонымен қатар жаңғыртылған зауыттарда бензин, дизель отыны және авиациялық отын өндірісінің нақты қаншаға артатыны кәсіпорындардың технологиялық конфигурациясына байланысты болады.

Келісім жанармай бағасына қалай әсер етеді?

Баж салығынсыз режимнің сақталуына қатысты басты сұрақтардың бірі – бұл шешімнің қазақстандық тұтынушылар үшін жанармай бағасына ықпалы.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, қосымша кедендік шығындардың болмауы импортталатын мұнай өнімдерінің өзіндік құнын төмендетіп, ішкі нарықтағы ұсыныстың жеткілікті болуына ықпал етеді.

Сонымен қатар автомобиль бензині мен дизель отынының көтерме және бөлшек саудадағы бағасының қалыптасуы шикізат құны, өңдеу, тасымалдау және сақтау шығындары, салық жүктемесі, сондай-ақ сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы сияқты факторлардың жиынтығына байланысты, – деп түсіндірді ведомство.

Келісім Қазақстанға не береді?

Ресейден мұнай өнімдерін баж салығынсыз жеткізу режимін сақтау Қазақстанға қосымша экспорттық кедендік баж төлемей жанармай импорттауды жалғастыруға мүмкіндік береді.

Келісімді қарау кезінде ұсынылған есеп бойынша, 2026 жылы бюджетке түсетін қаражат шамамен 30 млрд теңге болуы мүмкін. Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай шарттар импорт шығындарын азайтып, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің жеткілікті көлемде ұсынылуына жағдай жасайды.

Сонымен қатар Қазақстан отандық өндіріс көлемін арттыруға күш салып жатыр. «ҚазМұнайГаз» дерегінше, 2025 жылы еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауытында өңделген мұнай көлемі тарихи рекордқа жетті. Ал алдағы жылдары олардың жиынтық өндірістік қуатын жылына 27,7 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Компанияның пайымдауынша, кәсіпорындарды жаңғырту ішкі тұтыну көлемінің алдағы өсімін ескере отырып, Қазақстан нарығын мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Наверх